Таяуда «Әкелер мектебі» жобасы аясында Қарасай ауданы, Шамалған ауылындағы Үшқоңыр орта мектеп гимназиясында «Әкелер мектебі – бақыт мекені» атты аудандық форум өтті деп хабарлайды Kazbusiness.kz.
Форумның басты мақсаты отбасы құндылығын басшылыққа ала отырып, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және отбасындағы әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру болып табылады.
Осы іс-шара аясында, Қарасай ауданының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы әрі жоба жетекшісі Әсел Еркінбаеваның айтуы бойынша, әке рөлін көпшілікке түсіндіру арқылы қоғамға отбасылық құндылықтарды дәріптей аламыз.
“Тәрбиеде әкенің орыны өте бөлек. Отан отбасынан басталады. Ал отбасы тікелей әкеге келіп тіреледі. Әке берген тәрбиені жүз мектеп бере алмайтындықтан түсіндіріп, біз осы отбасы құндылықтарына, өзіміздің ұлттық кодымызға бет бұрып, осы жұмысты жалғасытруға бел буып отырмыз. Аталған іс-шара жыл бойы, барлық мектептерде ұйымдастырылып, тұрақты түрде жұмыс жүргізетін болады, – дейді Әсел Еркінбаева.
Аталған форумға “Жас дарын” орталығының педагогикалық шеберлік бөлімінің басшысы Сулейменова Қымбат Оспанқызы арнайы келіп куә болды.
“Қарасай ауданында “Әкелер мектебі” жобасы аясында 51 мектеп қамтылып отыр. Мұны жасаудағы негізгі мақсатымыз ұлттық құндылықты дәріптеу арқылы балаларды тәрбиелеу. Қазір бала тәрбиесінде кереғар дүниелердің көптігін ескере отырып, жастарға әке тәрбиесінің маңызын түсіндіру. Біз үшін әке – ұлы тұлға, – дейді ол.
Форумға аталған жоба орындаушыларынан бөлек, тұрғындар да келіп қатысты. Өздерінің ойларымен бөлісіп, әкенің қоғамдағы орынын көрсету барысында жобаның жақсы екенін алға тартты.
“Әкенің баламен арадағы қарым-қатынасының алшақтап кеткені туралы форумда жақсы айтылды деп есептеймін. Жоба жақсы ұйымдастырылған. Жақсы әсер алдым. Әке мен бала арасындағы мәселелер туралы көп жақсы ақпараттар айтылды”- деп алғысын білдірді форум қатысушысы Нұрлан Айтақынов.
“Әкелер мектебі” жобасы осыған дейін Қарасай ауданы, Әйтей ауылында да өткізілген болатын. Осы бағытта жұмыс жасап жатқан мамандардың сөзінше, жүзге жуық адам келіп қатысқан бұл шара өз жалғасын таппақ.