«Заанен» асыл тұқымды ешкілерін кәсіпкер ханым Сирбиядан ұшақпен әкелген. Бастапқыда 500 бас болған ешкілердің саны бүгінгі таңда екі есеге көбейіп 1 мыңға жеткен. Сирбия мен Қазақстанның климаттық жағдайы ұқсас болғандықтан ешкілер біздің өлкеге бірден бейімделіп кеткен екен.
Ешкілерді тек қорада ғана ұстамай, күн жылы уақытта жайылымға шығарып тұрады. Тамила Розметованың айтуынша, ешкілердің қай жерде жүргенін аяқтарына орнатылған электронды чип арқылы біліп отырады. Чип ешкінің атын, бүгін қанша сүт бергенін тіпті денсаулық жағыдайын да көрсетеді.
Заанен тұқымының қазақстандық ешкілерден айырмашылығы – сүтті көп беруінде. Отандық ешкілер күніне көп дегенде 1,5-2 литр ғана сүт бере алады, жүндері қалың. Ал, Заанендіктер күніне 6-7 литр сүт береді. Мұндағы ешкілер әлі жас болғандықтан әзірге 2 литрден ғана беріп жүр. Жүндері өте жұқа, қырқылған сияқты көрінеді.
Күтімі қарапайым. Азығы 100 пайыз табиғи жемм-шөптен тұрады. Зауыт қызметкерлері ешқандай дәрумендер, қоспалар қоспайды. Тамиланы табысқа кенелтіп отырған бұл ешкілердің азығының дайындалу тәсіліде бөлек.Арпа, шемішке, шөп араластырылып арнайы құрылғыға салынады. Содан соң бәрі ұнтақталып, престеліп, макарон өнімдері сияқты пішінде шығады. Жем-шөбінде міндетті түрде бір алма немесе бір сәбіз болуы керек, болмаса, сүт бермей қоюы да мүмкін екен.
«300 ешкіге 12 теке сатып алдық, олар да асыл тұқымды. Ұрықтандыру табиғи түрде жүреді. Өсімділігі өте жоғары. Әр ешкі егізден тауып, орта есеппен жылына 100 басқа 200 төл береді. Ешкілерді лақтайтын уақыты жақындағанда арнайы қораға бөлеміз. Онда жаңа туған лақтарға да орын қарастырылған. Бұл жерде ешкі мен лақ жеті күндік бақылауда болады», – дейді зауыт басшысы.
Ешкілерді күніне екі мәрте сауады: таңғы 6:00-де және кешкі 18:00-де. Сауын процесі толығымен автоматтандырылған. Ешкілер өздері арнайы жолақпен жүріп барып, аппараттарға тұра қалады. Жолақтар жасыл түсті болғандықтан, ешкілер оны шөпке ұқсатады. Соған үйретілген. Бір ешкіні үретуге 3-4 күн кетеді. Сауын процесі автоматтандырылған болғандықтан бір дегенде 48 ешкіні саууға мүмкіндік бар. Барлық сауын операторлары Мәскеуден оқып келген. Олар жұмысын бастамас бұрын, ешкілердің желініне арнайы қоспалармен дезинфекция жасайды. Кейін арнайы сауын аппаратын кигізеді. Осы кезде ешкілердің алдына аппараттың жоғарғы бөлігінен жем-шөп түседі.Ешкілер оған бас қойған сәтте сауын басталады. Аппараттағы циферблаттар жанып, қай ешкінің қанша сүт бергенін бірден есептеп көрсетеді. Сауылған сүт контейнерге жинақталып, бірінші тазартудан өтеді. Сүтке түсіп кеткен қандай да бір заттар осы жерде тазартылады. Осыдан кейін сүт құбырлар арқылы цехқа барады.
Т. Розметованың айтуынша, цехта сүт лактофриз деп аталатын 3 және 2 тонналық цистерналарда сақталады. Осы жерде оны 4 градусқа дейін салқындатады екен. Себебі, оның сауылған кездегі температурасы 30-35 градус болады. Кейін сүттің майлылығы, тығыздығы, қышқылдығы осы жердегі шағын зертханада тексеріледі. Барлық талаптарға сай болса ғана,сүт өнідріске жіберіледі. Айта кетерлігі барлық құрылғылар Италиядан әкелінген. Басқаруды үйрену үшін қызметкерлер де сол жақта оқып келген.
Өндірісте барлық процесті арнайы панельмен басқарып отырады. Егер айран жасайтын болса, компьютер арқылы сүтті бірінші ыдысқа жіберіп, аппараттан температура мен қышқылдықты реттейді. Осылайша, айран, йогурт, ірімшік, Голланд ірімшіктері сынды 20 түрлі өнім жасалып шығарылады. Өнім өндірудегі басты ерекшеліктері жарамдылық мерзімін ұзарту үшін ешқандай қоспа қоспайды.
«Сүттің жарамдылық мерзімі – 5 күн, сондықтан Алматының нарығына шыға алмай отырмыз. Оған жетеміз дегенше, сүт ашып кетеді. Айран – 2 ай, ірімшік – бір ай шыдайды. Ал, ашыған сүттен құрт жасаймыз. Оның жарамдылығы жарты жылға жетеді. Сондықтан біздің бизнес – шығынсыз», -деді жас кәсіпкер.
Елімізде ешкі сүтінің стандарттары енді анықталып жатыр. Әзірге Мәскеу және Сербия стандарттарына қарайды. Сүтті ұнтақ күйінде шығаруға ГОСТ рұқсат ететініне көздері жетпей тұрғандықтан сүтті тек сұйық күйінде өндіруде. Аталмыш, кәсіпорын өнімдерідің қаптамасын да өздері шығарады. Құты жасауға арналған капсулалар Алматыдан, құрылғы Мәскеуден сатып алыныпты. Құрылғы осы капсулалардан құты үрлеп шығарады. Өнімдер құтыға құйылып, қаптамаға оралған соң салқындатылған бөлмеде сақталады. Күнде таңертең қалаға, балабақшалар мен балалар үйіне, туберкулез ауруханаларына жөнелтіледі.
«Біз өндіретін өнім Атырауда «Базарда», түрлі дүкендерде сатылады. Өнімдердің бағасы өзіндік құнынан сәл ғана жоғары. Бір литрі 800 теңге. Ал, Мәскеуде бір литр ешкі сүті 1600 теңге тұрады. Сондықтан кейде мәскеуліктер бізден тапсырыспен алдырады. Мәскеуде, Орынборда тұрақты клиенттеріміз бар. Оларға өнімдерімізді арнайы киіз үй пішінінде жасалған оюлы қапшыққа салып жібереміз. Қазір сүт көлемі аз, бір тонна ғана. Үш тоннаға шыққанда сұраныс одан да көп болатынына сенімдімін», – дейді Атыраулық ару.
Кейіпкеріміздің басшылық етуімен ісі алға басып отырған осынау зауыттың ерекше өнімі ол баршаға белгілі «Атыраулық ірімшік».Кәсіпорында ірімшіктің түр-түрі өндіріледі. Ендігі кезекте «Моцарелла» ірімшігін дайындап шығару үшін Франциядан арнайы технолог алдыртып, қызметкерлеріне аталмыш ірімшіктің жасалу техналогиясын үйреткен.
«Атыраулық» ірімшік» – қазақстандық бренд, әлемде бұндай ірімшік «Сарайшық»-та ғана шығады. Әдетте ірімшікті Ресейден әкеліп, Алматыда қаптама жасалады. Бұл мекеме еліміздегі ірімшік өндіретін жалғыз зауыт,тіпті ТМД аймағында аналог жоқ. Сарайшық сүт ірімшік зауытының өнімдердің бәрі пайдалы. Оны Алматы мен Мәскеудің тамақтану институттары мақұлдаған. Қазір зауыт Алматыдағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетімен бірлесіп, ешкі сүтінен балаларға арналған тағам жасап жатыр. 2017 жылдан бастап балалар тағамын шығарады. Ауыл шаруашылығын алып жүру өте үлкен күш-қайратты талап етеді. Алайда, еңбек бағаланады. «Сала көшбасшысы», «Жыл меценаты» номинацияларын және де Президенттің Алтын кубогын да алған.
Бұл жерге Елбасы жиі келеді. Ұлт көшбасшысына арнап ірімшіктер жасалған. «Нұр Отан» партиясының бірінші басшысымен қатар Қазақстан футбол құрамасы да келген, естелікке қолтаңбалары қойылған доп сыйлады деседі. Үлкен зауыт мұнымен шығаратын өнімдердің көлемін ұлғайтпаса кемітпек емес.Қазіргі уақытта сүт бағытынан бөлек, шұжық, бұқтырылған ет өндіруді қолға алуда. Деседе, негізгі басымдық сүт өнімдерінде болмақ.
Өндіріс орнында шамамен 40 шақты адам жұмыс істейді. 95 пайызы жергілікті, зауыттан бір шақырым қашықтықта орналасқан Сарайшық ауылынан. Жұмысшыларымыздың барлық жағдайы жасалған: ауылмен екі ортада қызметтік көлік жүреді, қызметкерлер үш уақыт тамақпен қамтамасыз етілген, мұнымен қоса сырттан келгендерге жатақхана да берілген. Орташа еңбекақылары 75-80 мың теңгені құрайды. Сүт өнімін көбейткенде жұмысшы саны ендігі кезекте 70-ке жетеді деп жоспарланып отыр.
«Сарайшық» зауыты 2014 жылдың басында ашылған. Құны 1 млрд теңге. Оның 51 пайызын өздері шығарса, 49 пайызын облыстық «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы алты пайыздық несиемен алған. Кәсіпкер құрылтайшы үлесін өтеген. Қазір зауыт 100 пайыз өздеріне тиесілі. Бірақ, ай сайын мемлекет берген несиесін қайтарып отыр. Зауыттың өзі 3 гектар жерде орналасқан. Ал, шаруашылықтың жалпы ауданы 600 гектар шамасында. Бұнда алма бақтары, ешкі, бал шаруашылығы, көкөніс, жүзім, егін сынды алты түрлі шаруашылық бар. Ешкінің шем-жөбі егін шаруашылығында даярланып, оған алма бағынан алма мен көкөніс бақшасынан сәбіз қосылады. Ал, сүт өнімдерін шығарарда қанттың орнына бал қосады. Барлығы бір-бірімен байланысты.
«Бұл біздің отбасылық бизнесіміз. Әкем Розметов Владимир еліміздің атақты аграрийі. Ол бұл шаруашылықтың негізін 2005 жылы қалады. Алғашқыда 150 гектар жерге алма бақтарын өсірдік, Махамбет алма бағын қайтадан қалпына келтірдік. Айналасына жасанды көл қазып, онда балық өсірдік. Біз бәрін кішкентайынан бастаймыз. Балықты өсірген соң, сол жерге демалыс аймағын салдық», – деді Тамила.
Шаруашылыққа деген икемі бала кезінен қалыптасқан қайсар қыздың еңбегі ақталды десек артық айтқандық емес. Еліміз бойынша жалғыз сүт өнідіретін зауыттың иесі болу да, оның көшін алға жылжыту да оңай іс емес. Бірақ, Розметова соның бәрін еңсерді, кедергі атаулыны кесіп өтті. Бүгінде еңбегімен елдің аяулы қызына айналған кәсіпкер қалалық мәслихаттың депутаты. «Қандай да бір жеткен жетістігім ол менің қажырлы еңбегімнің арқасы»- дейді табыскер ханым. «Әйел бастаған көш оңбас» деген қазақ тәмсілін жоққа шығарған Тамиланың өнегелі өмірі өзгеге үлгі болары сөзсіз.
Шаруашылықпен айналысу ерлердің ісі деген қалыптасып қалған ой қамалын бұзып өткен жас өренге жарайсың дейміз. Отбасылық кәсіптің ошағын өшірмегейсің.