“Автокөлік тарихы” сервисі іске қосылған сәттен бастап қазақстандықтар екі миллионнан астам көлік құралын тексерді, деп хабарлайды kazbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі пайдаланылған көлікті сатып алмас бұрын оны тексеру керектігін ескертеді. “Бұған немқұрайлы қарауға болмайды, өйткені ол көптеген проблемалардан сақтайды, сондай-ақ автокөліктің болашақ иесіне қосымша ақпарат береді”, – деп мәлімдеді министрлік.
Қазақстанда автокөлік тарихын онлайн-режимде көруге болады. Ішкі істер министрлігі іске қосқан “автокөлік тарихы” қызметі азаматтарға автокөлік сатып алғанда оның тарихы туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді:
- автокөліктің Қазақстанда алғашқы тіркелу күнін;
- бұрынғы иелерінің санын;
- кепілдіктер мен ауыртпалықтардың бар-жоғын, сонымен қатар басқа да мәліметтерді көре алады.
Қазіргі уақытта қызмет Smart Bridge-де орналасқан. Сервис “102” және “Halyk Bank”, “Bereke Bank”, “CenterCredit”, “ForteBank” мобильді қосымшаларында, сондай-ақ Aster.kz сайтында қолжетімді. ІІМ “автокөлік тарихына” “бірыңғай сақтандыру деректер базасын” қосуды жоспарлап отыр. Бұл көліктің жол апатына ұшыраған-ұшырамағанын қосымша тексеруге мүмкіндік береді.