Қуаттылығы сағатына 4,95 МВт құрайтын стансының құрылысы 2021 жылдан басталып, биылғы жылдың көктемінен іске қосылды. Оған 1,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. «АлматыЭнергоПроджект» компаниясы негізінен жаңартылған энергия көздерін өндіруге маманданған. Жетісудағы жобадан басқа Түркістан облысында да осындай екі күн электр стансының жұмысын жүргізіп отыр.
Кәсіпорынның бас диспетчері Бауыржан Әлімбаевтың айтуына қарағанда, 10 гектар аумақта 11 008 күн панельдері қойылған. Бір панель күніне 450 КВт электр өндіреді, ал тұтас стансы ауа райының жағдайына қарай күніне 18-ден 43 МВт-қа дейін қуат өндіреді. Электр энергиясы «KEGOC» АҚ желісіне жеткізіледі.
Қазір мұнда 11 адам жұмыс істейді. Жаңартылған энергия көздерін өндіру ісін жергілікті мамандарға ресейлік инвестор компанияның бас инженерлері арнайы келіп үйреткен. Жергілікті мамандар аймақта энергия өндірудің жаңа түрін меңгергендеріне қуанышты. Жұмысшылардың жалақысы орта есеппен 250 мың теңге.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметіне сүйенсек, Жетісу өңірінде жалпы қуаты 104,7 МВт болатын 12 жаңартылатын энергия көздерінің объектісі бар. Облыстың электр энергиясын тұтыну қажеттілігі 1,6 млрд. кВт/сағ құрайды, соның 433 млн.кВт/сағ өзімізде өндірілсе, ондағы ЖЭК үлесі – 273 млн. кВт/сағ.
Биыл жалпы қуаты 50 МВт, құны 19,2 млрд. теңге, 6 жұмыс орнын құратын тағы 1 жоба Сарқан ауданында іске қосылады деп күтілуде. Ал 2025 жылға дейін жалпы қуаты 156 МВт, құны 87,3 млрд. теңге және 10 жобаны іске асыру жоспарланған, оларда 141 жұмыс орны құрылады.