Жетісу облысында 23 мың мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 3200-і балалар. Осы азаматтарға түрлі бағытта қолдау көрсету мақсатында 2022 жылы “Ten qogam” қолдау орталығы ашылған еді. Мүгедектігі бар жандардың тұтынушы ретінде құқықтарын түсіндіру мақсатымен “Тұтынушы құқығыңды біл” ақпараттық-түсіндірмелі кездесу өтті, деп жазады kazbusiness.kz тілшісі.
Шарада Жетісу облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің бас мамандары Мәдідоллда Қайроллаұлы, Ғазиз Аманжолұлы қатысып, «ҚР Тұтынушылар құқықтарын қорғау» заңы жайында түсіндіріп өтті.
Оның ішінде қандай тауарларды қайтаруға болмайтынын, кассадағы баға сөредегі бағамен сәйкес болмау фактілері, сапасыз сатылған тауарларды қайтару жолдары айтылды.
“Осы тұтынушы құқығы жайында бірқатар мәселелер болды. Заң аясында шешу жолдары қарастырылғаны қуантады. Енді келесі жолы тұтынушы ретінде мәселем болса, сіздерге міндетті түрде жүгінемін”, – деді “Жігер” мүгедектердің қоғамдық бірлестік төрағасы Ажар Қыдыралина.
Кездесу соңында сала мамандары сайт арқылы қалай өтініш білдіру жайында тоқталып, әлеуметтік желідегі парақшалар, байланыс номерлерімен алмасты.
Еске салсақ, Жетісу облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті жыл басынан бері 211 өтінішті қарап, тұтынушыларға 5 354 000 теңге көлеміндегі қаржыны қайтарған.