6 ақпан күні, жеңілдетілген автонесиенің екінші легіне 761 адамның өтініші қабылданды. Өнеркәсіпті дамыту қоры (бағдарлама операторы) алғашқы минутта autonesie.kz сайтына 125 мың адам кіргенін хабарлады. Ресми деректерге сүйенсек, келесі жеңілдетілген автонесиеге өтініш қабылдау наурыз айында басталады және небәрі 100-ге жуық адам өтініш бере алады.
Көпшіліктің осыншалық қызығып отырған бағдарламасы қаншалықты тиімді екенін мамандардан сұрап көрдік.
Дәулет ТӨЛЕУТАЙҰЛЫ (@dauletten), экономист-блогер:
– 4% жеңілдетілген автонесиенің мөлшерлемесі салыстырмалы түрде өте аз. Себебі Ұлттық банк базалық мөлшерлемесінің өзі 17%-ға жетіп қалды. Сондықтан халыққа салыстырмалы түрде тиімді. Екінші жағынан мемлекеттік автоөндірушілер үшін тиімді. Біз Toyota сынды шетелдік көліктерге қызығамыз ғой. Бұл бағдарлама отандық өнеркәсіпті дамытуға да септігін тигізеді. Өзім көлікке қатты қызықпаймын, бірақ мүмкіндік болса алар едім.
Айбар ОЛЖАЙ, экономикалық сарапшы-журналист:
– Қазір Ұлттық Банк бекіткен базалық мөлшерлеме 16,75%, ал ресми жылдық инфляция 20,7% болғандықтан, 4% жеңілдетілген автонесие өте тиімді. Оны коммерциялық негізде беріліп жатқан жоқ. Азаматтарға жағдай жасау үшін және отандық автоөндірушілерді қолдау үшін мемлекет тарапынан субсидияландырылады. Ол екі жаққа да тиімді болып тұр. Сондықтан адамдардың осы автонесиені алуға ұмтылатыны түсінікті. Өйткені ол – арзан және басқа несиелерге қарағанда тиімдірек. Қазір өзге автонесиелердің мөлшерлемесі 20-21%-дан асып кетеді.
Айта кеткен жөн, былтыр Президент тапсырмасынан кейін «ӨКМ Операторы» («Оператор РОП») утилизациялық алым бойынша қызметін тоқтатып, компанияның 5 жылда алымынан жинақтаған 200 млрд теңгесі «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымына аударылған. 23 ақпан күні ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бұл қаражаттың халықтың игілігі үшін пайдаланылатынын айтты. Нақты айтқанда, бастапқы жарнасы жоқ, жылдық 4% жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы әзірленіп, оған 100 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданған.
Нәтижесінде, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы 2022 жылдың 16 мамырынан бастап іске аса бастады. Жалпы, бағдарламаға бөлінген 100 млрд теңге негізінде 14 мыңнан астам қарыз мақұлданып, оның ішінде 12,5 мыңнан астам жаңа көлік берілген. Автокредиттің орташа мөлшері 7,8 млн теңгені құрады. Ал 6 ақпан күні жеңілдетілген автонесиеге өтінімдердің екінші легі қабылданды. Өнеркәсіпті дамыту қоры (бағдарлама операторы) платформада өтінімдерді қабылдау 100 немесе одан да көп өтініш берушілер үшін ай сайын өткізіледі деп уәде етті.