Кей азаматтарда несиесін төлеу кезінде қиындықтар туындап, уақытылы төлей алмай жатады. Осы ретте алимент және басқа да тұрақты төлемдер түсетін банк шоттары бұғатталуы мүмкін. Борышкерлерде «Сот орындаушылардың баланың алиментін бұғаттауға құқығы бар ма?» деген сұрақ туындайды.
Егер сіз кәмелетке толмаған балаларды асырап отырған алимент алушы болсаңыз немесе жәрдемақы мен әлеуметтік жәрдемақы алсаңыз, онда сізге арнайы шот ашу қажет.
Арнайы шот – бұл «қол сұғылмайтын» банк шоты. Сондықтан қарыз алушының мерзімі өткен несиелік берешегі болса, ондағы қаражат үшінші тұлғаның ақша өндіріп алуынан толықтай қорғалған.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңының 62-бабына сәйкес, арнайы шоттағы ақшаға тыйым салуға, банктер мен банктік емес ұйымдардың төлем талаптары бойынша, сот орындаушыларының инкассолық өкімдері бойынша өндіріп алуға жол берілмейді.
Арнайы шотты мемлекеттен төленетін әлеуметтік төлемдер мен басқа да төлемдерді алушылар, алимент алушылар немесе білім беру жинақтау салымдарының иелері аша алады.
Тағы айта кетері: арада ортақ бір бала болса, азамат жалақысының 1/4 бөлігін, 2 бала болса, 1/3 бөлігін, ал көпбалалы болса, 50 пайызын алиментке жіберуге міндетті. Мысалы, азамат айына 100 мың теңге жалақы алады делік. 1 балаға – 25 мың, 2 балаға 33 мың төлеуі керек.
Қазіргі уақытта алимент төлеуші азаматтардың «жұмыссызбын» деп алимент төлеуден қашатыны жасырын емес. Осы орайда ол «жұмыссыз» деген анықтама қағазын көрсетіп, алименттен жалтарып кете алмайды. Бұл жағдайда еліміздегі орташа айлық көрсеткіштің 1/3 бөлігі есептеліп, сол бойынша азаматтан төлем өндіріледі. Бұл бір бала болған жағдайда.
Қай кезде болмасын алимент өндіру мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Десе де, қазіргі таңда оларға қарсы қолданылатын шара көп емес. Жалпы, туған баласынан қаражат аяп жүрген адамның мүлкі немесе шотында ақшасы болса, сот орындаушысының көмегімен бұғаттауға болады. Сот алиментті өндіру мақсатында азаматтың жұмыс орнына қаулы жібереді. Одан бөлек шетелге шығуына шектеулер енгізіледі.
Асхат Балтабаев,
Жетісу облысы жеке сот орындаушысы