Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «KT&G» компаниясымен «Алматы облысының аумағында темекі өнімдерін өндіретін зауыт салу» жобасын іске асыру үшін ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, — деп хабарлайды kazbusiness.kz өңірдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
120 жылдық тарихы бар компания алғашында монополия болып құрылып, қазіргі таңда мемлекеттің қарамағына өткен. Бүгінгі күні олар халықаралық дәрежеде ең табысты компаниялардың ішінде екінші орында тұр. «KT&G» Қазақстанда тек темекі өнімдерін шығарып қана қоймай, темекіні қыздыруға арналған құрылғыны да өндіретін болады.
Айта кетейік, «KT&G» темекі өнімдерін шығаруда Кореяда бірінші орында тұрған кәсіпорын болып табылады.
«Қазіргі кезде бірнеше халықаралық жобаларды жүзеге асыру үстіндеміз. Олардың қатарында орталық Азия елдері, Индонезия және Қазақстанда бар. Қазақстандағы бұл бастаманың алар орны ерек деуіміздің басты себебі, Қазақстан ТМД елдерінің нақ ортасында орналасқан. Біздің зауытты салудағы қарқынымыз көз ілеспес жылдамдықта болады, сондықтан жақын арада Алматы облысында өнім өндіруді бастап кетеміз деген ойдамыз», — деді шетелдік өндіріс құрылысының директоры Янг Жу Ким.