Ақмола облысының білім беру саласында бухгалтерлер аса ірі мөлшерде ақша ұрлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Ақмола облысының прокуратурасының мәліметінше, Бұланды балабақшасының бухгалтері кәсіпкерлермен ойдан шығарылған мәмілелер жасай отырып, туыстарының шоттарына ақша аударған.
«Аударымдардың шынайылығын көрсету үшін бухгалтер тауарларды жеткізуге келісім-шарттар жасалған кәсіпорындардың атауларын көрсеткен. Банктік шоттар оның жақын туыстарына рәсімделіп, бухгалтер жұмыс істеген кезеңде барлығы 47 млн. теңге аударылды», – делінген хабарламада.
Ақмола облыстық прокуратурасының дерегінше, екінші жағдай Степногорск қаласында анықталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, қала мектептерінің бірінің бухгалтері өз шотына 36 млн. теңге жалақы ретінде аударған.
Осы фактілер бойынша ҚК-нің 189-бабы, 2-тармағының 4-бөлігі қылмыстық істер тіркеліп, оған қатысты Ақмола облыстық прокуратурасының арнайы прокурорлары және Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті тергеу жүргізуде.
«Осы бап бойынша жаза белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді», – делінген хабарламада.