Қазақстанда ауыл шаруашылығы бағытында бизнес бастауға не бар кәсібін дамытуға ниетті азаматтарға жеңілдетілген несие беру қолға алынуы мүмкін. Шаруа 5 миллиард теңгеге дейін несиені 2,5 пайызбен рәсімдей алады. Ал максималды мерзімі 10 жыл, деп хабарлайды kazbusiness.kz тілшісі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Дегенмен несие алғысы келетін шаруа бірнеше талапқа сай болуы керек. Біріншіден, үміткер өңір тұрғындарын сапалы және қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге міндетті болады. Сәйкесінше әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің импортын алмастыруға ат салысуы қажет. Әрі уақытша және тұрақты жұмыс орындарын құруы керек. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу саласында кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы ескеріледі. Сондай-ақ кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен аспағаны абзал.
Несие алу үшін шаруаның ауыл шаруашылығы алқаптарының болуы да маңызды. 2,5%-дық қарызды қуаты 400 бас малдан басталатын тауарлы сүт фермалары үшін алуға мүмкіндік бар. Жылына кемі 5000 тонна құс етін өндіруге қауқарлы құс фабрикасы да осы шартқа сай келеді. Сонымен қатар кемінде 1000 тонна көкөніс сақтауға жағдай жасалған қойма иелері де бұл мүмкіндікті пайдалана алады. Бастысы несие алу үшін кепіл болуы міндетті екен.
“Шаруалар үшін 2,5 пайыздық несие өте пайдалы. Бірақ бұл қаншалықты сол шаруалардың қолына жетеді, мәселе осыда. 5 миллиардтық, 4 миллиардтық, 3 миллиардтық теңгелерді осы ауылдарда орналасқан үлкен кооперация өкілдері ғана ала алады. Ал енді ауылдың қарапайым тұрғындары ондай үлкен бұл жобаға кіре алмайды көбісі”, – деді мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов.