Алакөл – қазақстандық туристер арасында танымал демалыс бағыттарының бірі. Тиісінше, аталған бағытта қызмет көрсететін демалыс орындары, туристік компаниялар саны артты. Осы орайда kazbusiness.kz тілшісі Алакөлге жету жолдары, демалыс бағасы және қай жағалау туристер үшін қолайлы екенін зерттеп көрді.
Алакөлге қалай баруға болады?
Алакөлге пойызбен, автобуспен немесе ұшақпен жетесіз. Тек пойызбен барсаңыз, стансадан жағалауға дейін таксимен баруға тура келеді. Такси құны сіз таңдаған көлік тұрағына байланысты.
Алматыдан Ақшиге автобуспен 10-12 сағатта жетуге болады.
Қазіргі уақытта Алакөлге дейінгі қара жолдың құрылысы аяқталуға жақын. Сол себепті жеңіл көлікпен 5-6 сағат ішінде жетуге болады. Өз кезегінде көлік жүргізушілері жаңа трассада жол бойында бірде-бір қызмет көрсету пункті жоқ екенін айтады. Тіскебасар сатып алу үшін немесе жанармай құю үшін елді мекендерге кіруге тура келеді. Әдетте, олар трассадан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан.
Жайлылықты бағалайтындар және жолда бірнеше сағатын өткізгісі келмейтіндер үшін билік туристік маусымның басынан бастап Алакөл көліне Алматы, Астана, Семей және Талдықорғаннан тұрақты әуе рейстерін іске қосты.
Айта кетейік, бұл бағыттарды жақында бюджеттен субсидиялау туралы шешім қабылданды және орташа есеппен бір бағытқа билеттің орташа бағасы 8-10 мың теңгеден басталады.
Алакөлге пойызбен де жетуге болады. Елорда, Алматы, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан барлығы 11 бағыт қатынайды. Билеттерге келетін болсақ, олар қазір 4 мың теңгеден сатылады.
Қонақүй құны қанша?
Жағалауға жеткен соң міндетті түрде жағдайы жасалған пансионат іздейсіз. Үш мезгіл тамағымен адам басына жеті мың теңгеден басталатын пансионаттар туристік фирмалармен жұмыс жасамайды. Сондықтан пансионатты жағалауға жеткенде талғамыңызға сай таңдап ала аласыз.
Ресми ақпаратқа сәйкес, қазір жағалау аумағында 290 пансионат пен турбаза жұмыс істейді. Бағалар екі орындық нөмір үшін орта есеппен 15 мың теңгеден басталады. Кейбірінде тамақтану сомаға кірмейді. Сонымен қатар мұнда көбіне ойын-сауық орталықтары жоқ.
Алайда шілде айында бос орындар бола бермейді.
Туристер арасында үш мезгіл тамағымен адам басына 10 мың, 12 мың теңге пансионаттар сұранысқа ие. Ал балаларға барлық пансионаттарда елу пайыз жеңілдік қарастырылған. Үш жасқа дейінгі балаларға тегін.
Егер одан арзан жер іздесеңіз, үш мезгіл тамағы бар орынды 7-8 мың теңгеге табуға болады. Бірақ душ пен дәретхана далада, ашық аспан астында.
Айта кетейік, қонақүйдің алдында бассейн бар. Бір ескеретін жайт, егер Көктұма жағалауын таңдасаңыз, ол жақта пансионатты тек жекелеген үйлерден ашқан. Әр түрлі бағадағылар көп емес. Сондықтан күй іздеген демалушыларға негізі Ақши жағалауына барған дұрыс.
Ал қонақүйлердің эконом класқа жататын бөлмелері 9500 теңгеден басталады. Люкс бөлмелерді 37 мыңнан алуға болады. Әрине, үш мезгіл тамақ бұл сомаға кірмейтіні белгілі. Бұндай қонақүйлерге туристік фирмалар арқылы алдын-ала тапсырыс жасауға болады.
Алакөлде демалысын анасымен өткізіп жатқан Жандос Алиев Үшаралға дейін ұшақпен барған. Адам басына билет құны 8 мыңнан айналған.
“Әуежайдан Ақшиге дейін таксимен бардық. Адам басына 10-12 мыңнан шықты. Шілде айында қонақүйлерде орын болмайтыны белгілі. Сол себепті қонақүймен алдын ала келісіп қойдық. 5 күнге 270 мың теңге болды”, – дейді Алакөлде демалысын өткізіп жатқан Жандос.
Олар “Африкана” демалыс орнына орналасты. 270 мың теңгеге:
- 3 уақыт тамақтану;
- нөмірлерді тазалау;
- таза төсек-орын кіреді.
Айтуынша, кей демалыс орындарында жағалаудағы шезлонгтар кіреді. Бірақ барлығында емес. Әдетте жалдауға тура келеді. Бағасы 2 мың теңгеден басталады.
“Топчандар қымбат. Жағалау демалушыларға дайын емес. Тазаланбаған. Қоқысқа толы. Тазалықты ешкім бақыламайды. Одан қалса жағалауда шылым шегушілер көп”, – деп шағымданды демалушы.
Жағалауда сатылатын тамақтарға да тоқталды. Айтуынша:
- шаяндар – 200-500 мың аралығында. Шаянның көлеміне байланысты;
- тәтті жүгері – 1000 теңге;
- балық 1500 теңгеден басталады;
Тамақтану ше?
Алакөлде тек жатын орын алдыңыз делік. Оның құны орналасқан жеріне, қонақүй сапасына байланысты. Шамамен адам басына 5 мыңнан басталады. Бірақ көбіне сервиске тамақтану кірмейді. Осы сәтте қонақ үйден тыс тамақтану қанша тұратынын анықтап көрдік.
Сонымен, Ақши қаласындағы шағын кафелердегі таңғы ас туристке шамамен 1200 теңге тұрады. Түскі асқа сәл көбірек төлеуге тура келеді (орташа есеппен 2500 теңге). Ал кешкі ас шамамен 1000 теңгеге қымбаттайды, яғни 3500 теңгеден басталады.
Алакөлдің оңтүстік жағалауында демалу үшін қанша қаражат керек?
Сонымен қолда бар ақпаратқа сүйене отырып, Алакөлде бір апта демалатын туристің қанша қаржы жұмсайтынын есептеп көрейік
Бір адамның тәуліктік демалыс құны – 15 мың теңге. Жеті күнге – 105 мың теңге. Бару және қайту жол ақысы 16 мың теңгені құрайды. Осылайша, турист жолына, тұратын жеріне және күніне үш мезгіл тамақтануына орташа есеппен 120 мың теңге жұмсайды.
Бүгінде Алматыдан Алакөл аумағына дейін бес пойыз қатынайды. Пойыз билетінің құны орта есеппен 16 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін. Биылғы жылы тарифтер өсті, сәйкесінше баға да жоғары болуы мүмкін. Сонымен қатар, көлге туристердің ұйықтап баруы үшін арнайы жабдықталған автобустармен де жетуге болады. Олардың билеті – 19 мың теңге. Ал қарапайым автобустармен бару және қайту билетінің жалпы бағасы – 16 мың теңгеге жуық.
Қорыта айтқанда, үш мезгіл тамақтану, жатын орнымен есептегенде бір күнге шамамен 15-16 мың теңге қажет. Бұдан да арзан қонақ үйлерді табуға болады. Олар тәулігіне – 13 мың теңге. Егер демалыс базасында тамақтану енгізілмеген болса, онда тағы 10 мың теңгені сақтап қойған жөн. Себебі, таңғы асқа – 2 мың, түскі асқа – 3 мың және қалған сомма кешкі асқа жұмсалады. Осылайша, бір туристің тамақтану және жол жүру шығындарын қоса есептегенде үш күндік демалысы 70 мың теңге болады.