Әсіресе, мереке қарсаңында бұл «бизнес» тіптен қызып кететін көрінеді. Оған кейбір платформалардағы осы қызмет түрлері жарияланған хабарландырулар айқын дәлел.
Мысалы, Әулие Валентин күні деп аталатын 14 ақпандағы мерекеге орай, «джентельмен» сымақтар қызға жұрттың көзінше гүл сыйлап, құрбыларының ішін күйдіріп, сырт көзге интриганы қыздыру үшін «еңбектене» алатынын жеткізген. Сайтта мұндай бірнеше жарнама жарқырап тұр.
Айталық, Рүстем есімді жігіт бойжеткенді қолтықтап серуендеп қайту үшін 3000 теңге төлеу керектігін жазған. Ал осы қыдырыс кезінде қыз баласы сыйлыққа гүл алғысы келсе, қызмет құны 5000 теңгеден жоғары болмақ.
Ал, Серік есімді сері қыздарға оларды жұрттың көзінше жалғызсыратпауға, басқаларға барынша бақытты қылып көрсетуге тырысатынын жеткізген. Осы кезде 35 жастағы келбетті жігітпен қол ұстасып киноға бару 2000 теңге, әлбетте билетті қыздың өзі сатып алады! Мейрамханаға барса 5000 теңге, әрине, есепшотты қыздың өзі төлейді! Романтикалық «қойылымның» сценарийі бойынша бойжеткен гүл алғысы келсе 10000-ды жігітке қолма-қол санап беруі керек, ал егер гүлді қыз өзі алып келсе, жай ғана сол букетті елдің көзінде сыйлағаны үшін серіміз 2500 теңге «жалақы» алмақ.
Ең қызығы, «ханзаданың» ханшайымның инстаграмдағы парақшасында ғашығы ретінде көрінуі – 15 000 теңге, вип-таксимен оқудан немесе жұмыстан алып кетуі – 15 000 теңге, ал Серіктің қызбен бір тәулік бірге өткізу ақысы – 30 000 теңгеге бағаланған!
Ал өзі туралы оқыған, басы бос азамат екенін жеткізген жомарт жүректі Серік туған күн иелеріне арнайы жеңілдіктер қарастырылғанын да аса мейірімділікпен баяндаған.
Заманына қарай адамы деген осы!