ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен бірлесіп дрон иелері үшін арнайы telegram арна іске қосты, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
@Dronekazakhstan арнасы ұшқышсыз ұшу аппарат иелеріне Қазақстан әуе кеңістігін пайдалану мәселелері бойынша кеңес беріп, тиісті заң мәселелеріне байланысты жәрдем көрсетеді. Сондай-ақ салалық нормативтік актілердегі өзгерістер мен ұшу жөніндегі шектеулер туралы хабардар етіп отырады.
Бұдан басқа еліміздің авиациялық билік орындары Dronekazakhstan арнасы арқылы дрон иелерін ұшуға тыйым салынған аймақтар бойынша үйлестіріп, өңірлерде өткізілетін ауқымды іс-шаралардың жоспарына байланысты уақытша шектеулер туралы құлақтандырып отырады.
Осы орайда ұшу аппараттарын қолданатын азаматтар осы желі арқылы көкейкесті сұрақтарын жолдап, құзырлы органдардың тарапынан қажетті жауапты ала алатынын айта кету керек.
«Қымбатты достар, біз аталған арнаны ҰҰА-мен жұмыс істейтін жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау үшін құрып отырмыз. Өзекті мәселелерді белсенді талқылауға қатысуларыңызды сұраймыз. Мұнда барлық сұрақты қоя аласыздар. Осы жерде ҚР ИИДМ ААК мен «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ қызметкерлері кез келген сауалға жауап беруге дайын. Біз міндетті түрде жауап беріп, көмек көрсетеміз», – делінген арна хабарламасында.
Сондай-ақ жобаның жетекшілері жаңа арнаның жұмысында қандай да бір кемшіліктер туындаған жағдайда оған түсіністікпен қарауды өтінді.