Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев инвестициялық қажеттіліктер мен жобаларды талқылау үшін Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесті.
Облыстың негізгі әлеуетін бағамдап, негізгі инвестициялық жобаларға қолдау көрсетуді көздеген Дүниежүзілік банктің портфеліне 11 жоба кіреді. Жалпы 4,37 млрд АҚШ доллары көлемінде несиелеуге қауқарлы.
Аталған банк пен Қазақстанның өзара серіктестігі 2020-2025 жылдары Үкіметке инвестициялар мен сапалы техникалық көмектің жаңа бағдарламасына жолдама беру үшін әріптестермен және азаматтық қоғаммен келісім негізінде құрылған.
Бүгінгі таңда Дүниежүзілік банк ұлттық экономика минстрлігіне өңірлерді дамыту бойынша бірегей жобаны дайындауға мүдделес болып табылады. Басты мақсат- жаңадан құрылған облыстарға көмек көрсету.
«Сіздердің өңірге әлемдік банктің атынан табан тіредік. Негізгі көздеген мүддеміз, аймақтың әлеуеті мен ондағы мәселелер туралы ақпараттарды жинақтау. Жаңадан құрылған 3 облыс пен төрт жаңа облыс орталықтарының негізгі экономикалық драйверін анықтай отырып, жұмысты жалғасытру. Алдағы уақытта сіздерден алғам мәліметтер мен біздің жұмысымызды біріктіре келе, жаңа жоба ұсынамыз деген ойдамыз»,- дейді қалалық даму және табиғи апаттар тәуекелдерін басқару жөніндегі аға маман, жобалау командасының басшысы Хуанг Чи-Юн.
Айта кетейік, Дүниежүзілік банк өңірлерді дамытуға бағытталған инвестициялық жобалардың жүзеге асуына ықпал етуде тәжірибесі мол. Мәселен, көрші Қырғызстан мемлекетімен қатар, Грузия, Албания жерінде де жұмыс жасауда. Қазақстан оның ішінде, Алматы облысына ат басын бұрудағы көздеген нысанасы өңірдегі адам басына шаққандағы экономикалық даму деңгейін анықтау, аймақтың әлеуетін қарастыру һәм инфраструктура мен мемлекеттік қызметке қатысты жобаны біріктіру арқылы, Алматы облысының экономикалық бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған жұмыстарды іске асыру болып табылады.
Банк өкілдерінің басты мақсаттарына құлақ асқан облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев 2020-2025 және 2030 жылдарға арналған стратегиалық даму бағдарламасы бекітілгенін алға тартты.
«Біз жаңа облыс орталығында отырғанымызбен, Алматы облысы бұрыннан бар. Облыста ауыл шаруашылығын жетілдіруге басымдық берілген. Әуелде су мәселесінің күрмеуін тарқатсақ, артынша ауылдық жерлердің жағдайын жақсартуға мүкіндіктер жетерлік. Облыстағы халықтың 83 пайызы ауылды жерде тұрады, сол себепті ауыл шаруашылығын дамыту маңызды. Ол үшін ең алдымен суармалы жерлерді кеңейтуге ден қойған абзал. Аймақ мал шаруашылығында республикада 3 орын, ал құс шаруашлығы бойынша бірінші орында келеді. Бұл бағытты әрмен қарай жетілдіруге мүмкіндік мол. Негізі мәселе өндірісті экспортка шығарумен астасып жатыр»,-деді облыс әкімі.
Банк өкілдерімен кездесу барысында облыс басышысы Марат Елеусізұлы құрылыс саласына тоқталды. Ол өз сөзінде аймақта 4 қала барын тілге тиек етті. Соның бірі облыс орталығы Қонаев қаласы болса, екіншісі Алматы шаһарына жақын тұрған Қаскелең. Бұл аймақтарда инфраструктураның тозығы жеткенін аймақ басшысы бүкпесіз баяндады.
«Алматы қаласының маңында орналасқан шағын қалалардың жағдайы нашар. Соларды дамытуды бір жүйеге келтіру ісі де жұмыстың негізгі бөлігі болып қалмақ»,-деп атап өтті облыс әкімі.
Құрылыс саласын ілгерлету үшін арнайы материал шығаратын кәсіпорын салуды жолға қою қажетілігіде кездесу аясында ашық айтылды. Сондай-ақ, облыс басшысы Марат Елеусізұлы облыс орталығының келешек келбетіне тоқталып, Президент тапсырмасы шеңберінде қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарыну филиалы ашылатынын тілге тиек етіп, өңірдің өркендеуі үшін түрлі жобалар жоспарланғанын жіпке тізді.
Солайша, қос тарап мақсат-мүдделері жайлы ойларын ашық алаңда талқылады. Таяу болашақта Дүниежүзілік бан өкілдерінің қолдауымен жеке секторды дамыту үшін қолайлы орта құру, ауыл шаруашылығы саласын нарыққа бағдарланған трансформациялауды ілгерілету және байланыс инфрақұрылымын нығайту арқылы инклюзивті өсуді дамытуға басымдық берілетін болады деп тарқасты тараптар.