Отырыс барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағытындағы ауқымды мәселелерді талқылады. Бұл ретте отырысқа қатысушылар екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтудағы оң серпінді атап өтті және өзара қарым-қатынастарды одан әрі үдемелі дамыту ниетін растады.
Комиссия аясында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы, сондай-ақ сауда, экономика, инвестициялар, энергетика, логистика, азаматтық авиация, ауыл шаруашылығы және т. б. салалардағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
«Елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтаймын. Осы жылдар ішінде сындарлы диалог құрылып, көптеген бірлескен жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, сауда, инвестициялар және туризм саласында өзара тиімді ынтымақтастық жолға қойылды. Мұның жарқын дәлелдерінің бірі ретінде атап өтейін, бүгінгі таңда Қазақстанда грек қатысуымен 50-ге жуық компания жұмыс істейді» Ержан Еркінбаев
Сонымен қатар, Қазақстан мен Грекия арасындағы әуе қатынасы мәселесі талқыланды. Тараптар «Эйр Астана» авиакомпаниясының екі ел арасында әуе қатынасын одан әрі дамыту үшін үкіметаралық келісімге қол қою жөнінде жұмыстар жүргізуге келісті.
Өз кезегінде Константинос Фрагояннис қазақстандық әріптестеріне жоғары деңгейде ұйымдастырылған кездесу үшін алғыс білдірді. Жиын соңында грек делегациясы Ұлттық музей экспозициясымен танысты.
Айта кетейік, Қазақстан делегациясының құрамында мүдделі мемлекеттік орган өкілдері (АШМ, ҒЖБМ, СІМ, ИИДМ, ЕХӘҚМ және т. б.) болды. Грекия тарапынан жиынға ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Георгиос Георгантас, Инфрақұрылым, Көлік және коммуникациялар министрінің орынбасары Михаил Пападопулос және т. б. қатысты.