Атырау облысында Каспий жағалауында тағы қамыс өртеніп жатыр, деп хабарлайды kazbusiness.kz порталы.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқат Ержановтың мәліметінше, Каспий теңізінің жағалауында қамыс жанып жатыр.
«Қамыс өрті Атырау қаласындағы Кеңөзек ауылдық округінен 30 шақырым қашықтықта тіркелді. Кеше, 6 шілдеде кешкі сағат 20:00 де өртті анықтау және бақылау үшін №13 өрт сөндіру бөлімінен 4 қызметкер, 1 техника, №4 өрт сөндіру бөлімінен 1 қызметкер, 1 техника, ал, жол талғамайтын ТРЭКОЛ көлігімен 7 қызметкер жіберілді», -деп хабарлады деп хабарлады Асқат Ержанов.
Оның айтуынша, өрт ошағының нақты аумағын арнайы техникалармен анықтау мүмкін емес. Бүгін, 7 шілдеде Каспий теңізінің жағалауындағы өртті сөндіруге тікұшақ жіберу көзделіп отыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий жағалауында жанған қамыс түтіні Атырауды басып қалған еді.
Кейін Каспий жағалауында 5 күн жанған қамыс өрті сөндірілген.
«Қазақстан ғарыш сапары» космомониторингінің қорытындысына сәйкес «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өрттің жалпы ауданы 1 200 гектарды құраған.
«Каспий жағалауындағы батпақты, сулы жерде 2 сәуірде қамыс өрті тұтанды. Бұл – Атырау қаласынан 30 шақырым қашықтағы аумақ. Жалыннан флора мен фауна зардап шеккен жоқ. Өйткені, құстардың ұя салу кезеңі әлі басталмаған» деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.