Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша жедел кеңес өтті.
Кеңес барысында Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков бүгінде өңірлердің деректері бойынша айналымға 56,2 мың тонна көкөніс жіберілгенін айтты. Сондай-ақ оның айтуынша, қазір 18,4 мың тонна көкөніс, оның ішінде пияз – 4,9 мың тонна, қырыққабат – 2,8 мың тонна, картоп – 7,0 мың тонна, сәбіз – 3,6 мың тонна сатылды. Өткен аптада сәбіз бағасы – 0,6%-ға, қарақұмық – 0,5%-ға, қант – 0,3%-ға, күнбағыс майы және тауық еті – 0,2%-ға төмендеді.
Серік Жұманғарин өткен аптада көкөністерге бағаның өсу қарқыны бәсеңдегенімен, тұрақтамағанын атап көрсетті. Яғни,тұрақтандыру қорларынан нарыққа шығарылатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың көлемі әлі де жеткіліксіз болып отыр.
«Әкімдіктерге қорды қоймаларда ұстамай, көкөністерді сататын сауда нысандарының санын көбейте отырып, оларды үлкен көлемде нарыққа шығаруды тапсырамын», — деді Серік Жұманғарин әкімдіктердің басшыларына.
Сонымен қатар ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиев пен өңірлер өкілдері бастаған қазақстандық делегация Тәжікстанда жұмыс сапарымен болды. Нәтижесінде тараптар маусымаралық кезеңде Тәжікстаннан Қазақстанға ерте пиязды жеткізу туралы келісімге қол қойды.
Айта кеткен жөн, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 1,4 млрд долларды құрады. Қазақстаннан Тәжікстанға экспорт көлемі 9,7% – ға артып, 877,6 млн долларға жетті.