«Миллионер за минуту» кітабы («The one minute millionaire») авторлары – Роберт Г. Аллен, Марк Виктор Хансен деген азаматтар. Жеңіл тілмен жазылған мотивациялық әрі сторителлинг жанрындағы кітап оқырманның көңілінен шықпауы екіталай. Қазақшалап айтқанда, бұл миллионер әйелдің хикаясы. 90 күннің ішінде миллион доллар табу мүмкін бе? «Мүмкін емес» дейсіз бе? Ал егер сізге «90 күннің ішінде қолма-қол миллион доллар таппасаң, ана құқығыңнан айырыласың, балаларыңды тартып аламыз» десе, не істейсіз?!
Сторителлинг
Кітаптың негізгі кейіпкері Мишель есімді қарапайым америкалық әйел. Оның мектеп жасындағы екі баласы бар. Өзі бір кафеде даяшы болып жұмыс істейді. Мишельді көз алдыңызға елестетіңізші. Бәлкім Мишельдің бейнесінен өзіңізді не жақыныңызды көрерсіз. Айтпағым, оның тура сіз сияқты қарапайым жандардың қатарында өмір кешіп келгендігі.
Алайда бір оқиға оның өмірін күл-талқан етеді. Ол – күйеуінің машинасы төңкеріліп, қаза болуы. Мишельдің өмірін өзгерткен күйеуін жоқтатқызған депрессия емес. Ол – ата-ененің келініне қойған талабы. Жоғары айтқандай, 90 күннің ішінде не ол миллион доллар тауып, өзінің балаларды асырай алатындығын дәлелдейді, не өмір бақи балаларын көре алмайды. Басты шарт – бұл сома біреуден қарызға алынбауы және қолма-қол болуы тиіс. Қалай ойлайсыз, даяшы әйел балалары үшін миллионды таба ма? Сұрақтың риторикалық екенін ескертейік.
Мишельді миллионер еткен қағидалар:
Тәлімгерінің пайда болуы
Жан-жағыңызға зер салып жүріңіз. Бұл өмірде жетістікке жеткен жандар көп. Олардың арасында көргенімен, білгенімен бөліскісі келетіндер бірталай. Олар бір құймақұлақ табылса, жетістік құпиясымен бөлісуге дайын тұрады. Тек сіз сол бір адамға керек сұрақты жаудыртып, алған жауаптарыңызды мәңгілікке жадыңызға сақтап алуға тырысыңыз. Кейбір табыскерлер шәкірттеріне тіпті алғашқы қадамдарды жасауға көмектеседі.
Физикалық жаттығуларға мән беруі
Табысқа бізді жеткізетін біздің ақыл-санамыз. Ендеше ақыл-сана оянып, энергия тасып, ерекше ерік-жігер пайда болуы үшін адам физикалық күшін сарп етуі тиіс. Таңертең ерте тұрып жүгіріңіз. Бәлкім, ымырт шақта жүгіріп қайтарсыз. Оны енді өзіңіз білесіз. Бастысы, денеңізді қыздырыңыз, одан соң жаттығулар жасаңыз. Денеңіз балбыраған сайын ойыңыздың да қажет емес ақпараттардан тазарып қалғанын байқайсыз. Содан соң рауандап атқан таңға немесе батып бара жатқан күнге қарап, шүкірлік етіңіз. Салқын ауадан, самал желден, жеңілдеген бойыңыздан рахат алыңыз. Адамның миы қоқыс ойлардан таза болған жағдайда ғана өзгеруге, өсуге мүмкіндік бар.
Мықты команда жинауы
Тәлімгер сізге жол нұсқады. Сіз оны өмірге айналдыруға теориялық тұрғыдан дайынсыз. Рухани тазардыңыз. Ендігі кезекте сол мақсатқа, табысқа жетуге көмектесетін, иық тіресер адамдардың басын жинайсыз. Олардың бір саланың адамдары болуы міндетті емес. Команда кәсіби біліктілігінен бұрын бір-біріне ор қазбайтын, керісінше қолдау білдіріп, барымен бөлісетін қасиетімен ерекшеленуі тиіс. Бәлкім барлығы бір бизнеспен емес, әркім өз ісімен айналысады. Алайда мұндай команданың болуы бизнесті жан-жақты қылуға, кейбір қателіктерден аман сақтап қалуға септік етеді.
Мишельдің хикаясына келетін болсақ. Достары Мишель үшін 90 күн тегін жұмыс істеуге келісім береді. Сөйтіп әркім өз саласы бойынша идея ұсынып, соны бәрі 90 күннің ішінде өмірге айналдырып, миллион доллар табады. Мишельдің өз кезегінде тәлімгерден үйренгенін өз командасымен бөліседі. Олардың да байлық және жетістік туралы ойларының түпкілікті өзгеруіне мұрындық болады.
Ақшасыз бизнес бастауы
Бұл сөйлемнің өзі ақылға қонымсыз сияқты естілуі мүмкін. Алайда тәлімгері Мишельге мұның 100% мүмкін екендігін дәлелдей. Өз кезегінде осы тәсілді пайдалана отырып, Мишель мүлік сатып алу бойынша бірнеше мәміле жасайды. Сөйтіп бір тиын шығармастан, мүлік сатып алу мен сатудың ережелерін сақтай отырып мыңдаған доллар табыс табады.
Бүгінгі таңда да кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарды қолдайтын мемлекеттік бағдармалар бар. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бизнес бастау» және «Жас кәсіпкер» бағдарламалары жастарға қажетті білім беріп қана қоймай, 505 000 теңге көлемінде грант яки қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетеді.
Қайырымдылық жасауы
Барлық мәселе тезірек байып кетуде емес. Мақсат адамның қалаған еркіндігіне қол жеткізуі. Сондықтан да Мишель миллион долларға зәру болса да, қайырымдылық көмек көрсетуден бас тартпайды. Әр тапқан табысының белгілі бір бөлігін ол қайырымдылыққа аударып отырады. Соның арқасында оның жолы ашыла түседі.
Марк Виктор Хансен, Роберт Алленнің басты қағидасы
Кітапта миллионерлерді екі топқа бөледі. Біріншісі – жиған-тергенімен бөліспейтіндер яғни шық бермес шығайбайлар және екіншісі – қайырымдылар. Екіншісін авторлар «нұрлы миллионерлер» деп атайды. Нұрлы миллионерлер табысының 10 %-ын тұрақты түрде қайырымдылыққа жұмсайтындар. Олар берген сайын аларыңның молаятынына, берекелі болатынына кәміл сенетіндер.
Кітап авторлары мұндай кітаптың жарыққа шығуы да білгеніңмен бөлісу принципіне сәйкес жазылғанын тілге тиек етеді. Олар оқыған әрбір жан дәулеті асып, байып кетсе, мақсаттарының орындалатынын айтады.
Роберт Г. Аллен, Марк Виктор Хансен: «Сіз бай болуға міндеттісіз! Иә, қайталап айтамыз, міндеттісіз! Сонда ғана мына әлем, өмір гүлдене түседі. Сіз байысаңыз, мемлекетіңіз байиды. Сіз байысаңыз, сіз қалғандарына көмектесесіз. Байлық деген жетеді. Ақша деген бітпейді. Тек сол туралы бір минут ойлансаңыз жетеді!»