2022 жылдың 15 сәуірінен бастап Қазақстанда кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері бар қазақстандықтардың мобильді аударымдарын қадағалау туралы бұйрық қолданысқа енген. Тексерудің бірінші кезеңінде мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары қаралуы қажет. Құжатқа сәйкес, бір жеке тұлғаның қатарынан үш ай ішінде 100 және одан да көп тұлғалардан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банктік шотына ақша аударылуы тексеруге жатады.
Осыған орай, БАҚ өкілдері Мемлекеттік кірістер комитетіне “заң жобасы қабылданған 1 жыл ішінде банктер мемлекеттік қызметшілер және олардың жұбайларының кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны туралы қанша мәліметпен бөлісті” деп сұрау жолдаған. Оған мекеме келесідей жауап берді:
“Бақылауды жүзеге асыру барысында екінші деңгейлі банктерге сұрау жіберілді. Банктерден алынған мәлімет бойынша және талдау қорытындылары бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру белгілері бар тұлғалар бойынша камералдық бақылау шаралары қабылданатын болады”, – делінген ресми жауапта.
Яғни банктердің мәліметі берілгенше, әзірге тексерудің бірінші кезеңі жүзеге аспайды.
Ал “жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей табыс тауып жүрген адамдарды қаншасы бақылау арқылы анықталды” деген сауалға Мемлекеттік кірістер комитеті 7 мыңнан астам адам есепке қойылғанын мәлімдеді.
“2022 жылдың қорытындысы бойынша 7819 жеке тұлға есепке қойылды. БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төлеуге 3358 адам міндеттелді. 893 азамат 24,8 млн теңге сомасына ЖТС (жеке табыс салығы) бойынша декларация тапсырды. Өз кезегінде, сауда нарықтарында тиісті тіркеусіз қызметті жүзеге асыру фактілерін болдырмау мақсатында 526 базармен меморандум жасалып, оған сәйкес базар әкімшіліктері тек тіркеуі бар салық төлеушілер үшін сауда нүктелерін орналастыруға міндеттелді”, – делінген жауапта.
Мемлекеттік кірістер комитеті Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, келесі шарттардың біріне сәйкес келетін тұлғалардың жеке кәсіпкер ретінде міндетті мемлекеттік тіркелуі керек екенін де еске салды. ЖК ретінде тіркелу міндетті тұлғалар: жалдамалы жұмысшылардың еңбегін тұрақты негізде пайдаланады; жеке кәсіпкерліктен жылдық табысы 12 еселенген ЕТЖ-дан (ең төменгі жалақы) асады. Сондай-ақ салық кодексі салық міндеттемелерін орындаудың өзге де тәсілдерін, оның ішінде БЖТ төлеу не ЖТС бойынша жыл сайынғы декларацияны ұсыну жолымен көздейтіні хабарланды.