Бүкіл өмірін осы зауытпен байланыстырған жұмысшылардың бірі, қаптау цехының меңгерушісі Айтбала Болтаева:
– Зауытта жұмыс істегеніме 24 жыл болды. Алғашқы 10 жылда көмекші болдым, қазір цех меңгерушісімін. Зауыт тоқтап қалған кездерде біршама қиын болды. Ал қайта іске қосылғанда жұмысқа шақырылдым, қуана қайтып келдім. Сол кезден бері көп өзгеріс болды. Бұрын құрал-жабдықтар ескі еді, қазір техника жаңартылды. Жалақы мерзімінде беріледі. Осында 8-10 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жұмысшылар да бар. Зауыт жұмыс істеп тұрғанына қуанамыз, біз үшін бұл маңызды, – деді ол.
Өткен жылдан бастап зауыт жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуге көшкен. Қазір қамыс шикізатын өңдеуді аяқтап, 48 тонна қант шығарды. Жалпы қамыстың қанттылығы 98%, яғни бұл қалдықсыз өндіріс деуге болады. Қазан айының басында тәтті түбір қабылдау үшін дайындық жасалуда.
– Зауыт қант қызылшасын қабылдауға 99% дайын. Қызылша өңдейтін цех толық әзір тұр. Құрал-жабдықтарға тазарту жүргізілуде. Қант қызылшасын өңдеуге қажетті стансыны жөндеуге дайындап жатырмыз, – деді Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.
Жалпы биылғы жылы қант қызылшасын өсіретін шаруаларға шикізаттың әр тоннасына 30 теңгеден беріледі, яғни 15 мың теңгесі – зауыт тарапынан, 15 мың теңгесі мемлекеттен берілетін субсидия. Бұдан бөлек зауыт өнімін шалғай ауылдардан жеткізетін шаруалар үшін көлік шығынын да өтейді, жолдың алыстығына қарай әр тоннасына 1,5-2 мың теңгенің аралығында төленеді.
Жалпы қызылша өсірушілерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Заманауи техникамен қамту мақсатында 19 сервистік-дайындау орталығы жасақталып, олар 42 бірлік техникамен қамтамасыз етіліп, жеңілдетілген шарттармен лизингіге берілді. Қызылшамен айналысатындарға шетелдік селекцияның жоғары өнімді тұқымдары дер кезінде жеткізіледі. Бұл орайда тұқымның есебі қосымша пайыздық жүктемесіз күзде жүргізілді. Сол сияқты минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер сатып алуға кететін шығынды 50% дейін, тұқымды 40-тан 50% дейін мемлекет субсидиялайды. Көксу қант зауыты да өз тарапынан қызылша өсірушілерге қолдау көрсетеді. Мәселен, биығы жылы көктемгі егіс науқаны үшін 342,4 млн. теңге көлемінде пайызсыз неисе берген.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарғанда, қант қызылшасының еңбегі ауыр, шығыны көп болғанымен қант өндірісі жоғары өнімділігін көрсете алады. Ал одан жоғары өнім алу үшін өсіру мен баптау технологиясын толық сақтау керек. Соның арқасында орта есеппен әр гектарынан 500 центнер өнім жинап, соя немесе дәнді жүгері өсіргенге қарағанда таза өнімді 2 есе арттыруға болады. Әрине, егер агротехнология талаптары сақталмаса өнімділік төмендейді. Тұқым, минералды тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектері бағасының өсуіне байланысты, сол сияқты қызмет көрсету құнының көтерілуіне орай ауыл шаруашылығы министрлігіне өңдеуге өткізілген қант қызылшасының бір тоннасы үшін берілетін субсидия көлемін қазіргі 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныс енгізілді. Ұсыныс жүзеге асқан жағдайда шаруашылықтар 1 тонна шикізатқа 40 мың теңгеден алатын болады. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштарды субсидиялау көлемін 2 есе арттыру туралы да ұсыныс берілді.
Жалпы биылғы жылы Жетісу облысында басқа аудандарға қарағанда қант қызылшасының басым бөлігін Ескелді, Көксу аудандары сепкен. Аталған екі ауданда қызылша алқабы 2500 га жуық, одан сәйкесінше 68 мың және 34 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Мұнда орта есеппен алғанда өнім шығымы 400-500 ц/га, ал жекелеген шаруашылықтарда тіпті 800 ц/га дейін алады. Тағы бір қызық дерек, Кербұлақ ауданы 300 га жерден 21 мың тонна, Қаратал ауданы 456 гектардан 15 мың тонна шикізат жинауды жоспарлап отыр. Бұл өнім ауқымы алқап көлеміне байланысты емес екенін, тек өнімділікті көтеру арқылы ғана табысты арттыруға болатынын, халықтың қантқа деген қажеттілігін осылайша қамтамасыз етуге мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Осы жерде айта кету керек, келесі жылдан бастап Ақсу қант зауыты іске қайта кіріседі. Қазір қант қамысын өңдеуге арналған құрал-жабдықтар қойылып, жөндеу жүріп жатыр. Еліміздегі 4 қант зауытының тағы бірі осылайша жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуге көшеді.
Еске салсақ, Көксу қант зауыты 1932 жылы ашылған. Инвестордың жалпы сомасы 5,5 млрд. теңге қаржы салып, қайта жаңғыртудан өткізуінің арқасында, әрі табиғи газға көшуінің нәтижесінде стратегиялық маңызды нысанның өңдеу қуаттылығы тәулігіне 1600 тоннадан 2000 тоннаға ұлғайды. Қазір зауыт 250 мың тоннаға дейін қант шығаруға қауқарлы. Бүгінгі күні зауытта қант қызылшасын қабылдауға дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.