Биылғы шілдеде кеңсе тауарлары былтырғыдан 12,3 пайызға қымбаттады. Өңірлер бойынша бағаның ең көп өсуі Түркістан облысында байқалды – 50,1 пайыз. Сондай-ақ, Атырау (31,1%) және Ақмола (14,7%) облыстарында және Алматы қаласында (14,5%) да айтарлықтай қымбаттады. Ең төмен жылдық өсім Жамбыл облысында тіркелді: небәрі 1,2%. Мысалы, сурет салуға арналған альбом бір жыл ішінде 14,1%-ке, шарик қаламдар 13,2%-ке, түрлі-түсті қарындаштар жиынтығы 12,1%-ке, дәптерлер 12%-ке, А4 қағазы 10,6%-ке қымбаттаған. Жалпы биыл шілде айында білім беру қызметтерінің бағасы 11,5%-ке көтерілді. Соның ішінде мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің бағасы бір жылда 7,1%-ке, орта білім — 6,8%-ке, кәсіптік орта білім — 11,7%-ке, жоғары білім — 17,7%-ке, ересектерге арналған білім 10,7%-ке өсті. Өңірлер арасында бағаның ең жоғары өсімі Атырау (50%-ке), Павлодар (19,4%) және Шығыс Қазақстан (19,1%) облыстарында байқалып отыр.