Қазақстан Үкіметі көлеңкелі экономикаға қарсы 2023-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспарды ҚР Қаржы мониторингі агенттігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірледі. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов қол қойды, деп хабарлайды kazbusiness.kz порталы ҚР Үкіметі басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоспар салықтық және кедендік әкімшілікті жетілдіруге, тиімді бәсекелестік пен бюджетті бөлуге, халықты заңсыз бизнестен қорғауға және т. б. бағытталған жүйелі шараларды іске асыруды көздейді.
Атап айтқанда, іске асырылып жатқан шаралар кедендік тексерулердің тиімділігін арттыруға, кедендік рәсімдерді оңтайландыруға және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қосымша шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Мәселен, 2025 жылға қарай көтерме және бөлшек саудадағы көлеңкелі айналымды 5%-ға дейін төмендету жоспарлануда. 2022 жылы бұл көрсеткіш 6,7% құрады. Көлік және қоймалау саласында 2,4% (2022 жылы – 3,2%) көрсеткішке қол жеткізу жоспарлануда.
Жоспарды іске асыру бейресми жұмыспен қамтуды азайтуды және заңсыз әрекеттердің жолын кесуді де көздейді. Елдің ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін 2022 жылғы 36% – дан 2025 жылы 37,5% – ға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Кешенді жоспар ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде әзірленді.