Қазақстан құрылысшылар одағы өкілдерінің айтуынша, халықты тұрғын үймен қамту күн өткен сайын қиындап барады. Өйткені, баспананың да, құрылысқа қажетті материалдардың да бағасы шарықтап кеткен. Олар үкіметке халыққа жеңілдетілген ипотека беруді қолға алуды ұсынды.
Құрылысшылар одағаның төрағасы құрылыстың бір жылдың ішінде 46-50%-ға қымбаттап, ал еңбекақы небәрі 26 %ға ғана өскенін тілге тиек етті. Әрі баспанаға мұқтаж қазақстандықтардың 60%-ы бірде бір ипотекалық бағдарламамен үй ала алмайды. Себебі бұл тізімдегі адамдардың көбінің кредиттік тарихы бұзылған және ипотека алу талаптары тиімсіз. Көпшілігі ипотеканың алғашқы жарнасын жинай алмайды.
Жыл өткен сайын баспананың әрбір шаршы метрінің бағасы өсіп жатыр. Сондықтан мамандар мемлекет нақты бағдарлама қабылдап, халыққа жеңілдетілген ипотека беруді қолға алу керек деген пікірде. Олар халықтың әл-ауқаты төмендеп жатқанына ашынады. Одақ төрағасы үкімет мүшелерін ашық диалогқа шақырды.
“Мүмкін біз бұл мәселені терең түсінбейтін шығармыз. Сол үшін кездесейік. Бір-бірімізбен ақылдасып, бір шешімге келу керек. Осының арқасында өзіміздің мұқтаж азаматтарымызға көмектеміз. Ауылдан келгендер, өндірісте істеп жатқандар, қара жұмыстағылар, құрылыста істейтіндер бірде-бір бағдарламаға ілікпейді”, – деді Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.
Құрылысшылар баспана мәселесін шешу үшін 7-20-25 бағдарламасын тоқтатпай, ары қарай жалғастыруды өтінді. Отандық құрылыс материалдарын шығару үшін нақты бағдарламалар қабылдаған жөн деп есептейді.
Сондай-ақ, өңір-өңірдегі инфрақұрылымды дамыту да күн тәртібінен түспеу тиіс. Өйткені жеріміз кең болса да, кей жерлерде инфрақұрылым дамымағандықтан, компаниялар баспаналарды тек орталықта ғана салуды жөн көреді.
Құрылысшылардың сөзінше, баспана бағасының өсуіне сырттан тасымалданатын материалдардың қымбаттауы әсер етті. Қазақстанға құрылыс материалдарының 60%-ы шетелден келеді. Оның 40%-ы тікелей Ресейден әкелінсе, қалғаны Германия, Түркия, Иран, Қытай сияқты елдерден жеткізіледі.
Бетон, тас, құм, кірпіш шығаратын отандық компаниялардың өнімі еліміздің барлық өңіріне жетпейді.