ҚМГ акцияларды AIX биржасына сауда-саттыққа жіберуге өтінім бермек. “Ұсыныс шеңберінде 90,42% акцияларға иелік ететін Қор инвесторлардың кең ауқымына, Қазақстан азаматтарына басымдық бере отырып, 30 505 974 акцияға дейін сатып алуды ұсынуға ниетті. Бұл барлық Акциялардың жалпы санының шамамен 5%-ын құрайды. Қалған акциялар қазіргі уақытта Қазақстан Ұлттық Банкіне тиесілі”, – деп мәлімдеді, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.
«Осылайша IPO-ның нәтижелері бойынша Қор кем дегенде 85% Акцияларға иелік етуді жалғастырады. Ұсыныстың шеңберінде бір акцияның бағасы шамамен 5,1 триллион теңге мөлшерінде капиталдандыруды болжай отырып, бір акция үшін 8 406 теңгені құрайды. Инвесторлардың өтінімдерін қабылдау 2022 жылдың 9 қарашасында басталып, институционалдық инвесторлар үшін 2022 жылдың 30 қарашасында, ал бөлшек инвесторлар үшін 2022 жылдың 2 желтоқсанында аяқталады»
“ҚМГ жетекші мұнай-газ компаниясы және Қазақстандағы ұлттық компаниялар арасындағы ең ірі компания. Ол көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап тасымалдауға, өңдеуге және сервистік қызметтер көрсетуге дейінгі барлық өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысады”, – деді, ұлттық компания басшысы Мағзұм Мырзағалиев.
Оның айтуынша, компания елдегі мұнай мен газ конденсатын өндіруде 25% , тасымалдауда 56% және мұнай өңдеуде 82%-ды қамтиды. Біздің шоғырландырылған активтеріміз 15 триллион теңгеден асты. Биыл ҚМГ-ның құрылғанына 20 жыл толды. Қазірдің өзінде компания корпоративтік басқару мен ашықтықтың ең жоғары стандарттарына сәйкеседі, өзінің еурооблигацияларының шығарылымдары арқылы халықаралық және қазақстандық бағалы қағаздар нарықтарында кеңінен танымал, барлық үш жетекші халықаралық рейтингтік агенттіктердің халықаралық кредиттік рейтингтері бар, олардың екеуі инвестициялық деңгейдегі рейтинг.
“Үкімет пен Қордың ҚМГ акцияларының бір бөлігін еркін нарықта сату туралы шешімі әлеуетті инвесторларға компанияның акцияларын сатып алуға мүмкіндік береді, Қазақстандағы бағалы қағаздар және қор биржалары нарығының дамуына ықпал ететін болады. Бұл ретте компанияны бақылау Қор арқылы мемлекетте қалатынын атап өтемін. Біз өз тарапымыздан ҚМГ компаниясы инвесторларымыз үшін тартымды болуы және олардың инвестициялық портфельдерінде лайықты орын алуы үшін бар күшімізді саламыз”