China Xinxing Group Co., Ltd. басшылығы «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Қытай құрылыс корпорациясы құрылыс, сауда, медициналық қызмет көрсету және өңдеу салаларында отандық кәсіпкерлермен ынтымақтасуға дайын. Компания үш негізгі бағыт: озық өндіріс технологиялары және қызмет көрсету, медицина, сауда және инженерлік қызметтер бойынша жұмыс істейді.
«Біз ынтымақтастық принципін қолдаймыз. Бізде үлкен жұмыс тәжірибеміз бар, бұдан басқа біздің компания қазақстандық кәсіпкерлермен машина жасау секторында жұмыс істеп жатыр. Корпорация қазақстандық кәсіпкерлермен бірлескен серіктестік аясын кеңейтуге мүдделі», – деп атап өтті China Xinxing Group Co., Ltd бас директоратының орынбасары Ли Аньминь.
Атап айтқанда, Қытай делегациясы отандық ұн, қымыз және сүт ұнтағын импорттауға мүдделі екенін жеткізді. Компания өз кезегінде Қазақстанның бизнесімен бірге жаңартылатын энергия көздерін дамыту, сондай-ақ нарыққа медициналық техниканы жеткізу, техникалық жарақтандырылған және медициналық персоналы бар ауруханалар салуға дайын.
«Қазақстандық компанияларға қызығушылық танытқаны үшін Қытай компаниясының басшылығына алғыс айтамыз. Бізде өз өнімдерін Қытайға экспорттауға дайын 10 компания бар. Менің ойымша, біз бұл тізіммен шектелмейміз. Кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастыққа дайын, алдағы уақытта жұмыс істеу үшін біздің кәсіпкерлер, қауымдастықтармен кездесулер өткізуді ұсынамыз», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың келешегін және екі елдің экспорттаушылары мен импорттаушыларын қолдау жолдарын талқылады.