«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қытаймен шекарадағы жағдай реттеліп келе жатқанын жазды, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы хабарлауынша, Қытаймен шекарадағы жағдайды реттеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының екі апталық жұмысының нәтижесінде «Нұр Жолы» өткізу пунктінде бизнеске туындаған бірқатар проблемалар шешілді.
Айта кеткен жөн, бұған дейін кәсіпкерлер өз өнімдерін экспорттай алмай отырғанына шағымданған.
“ҚР ҚМ МКК, «Атамекен» ҰКП, ҰҚК Шекара қызметі, Бас көлік прокуратурасының басшылығымен көлік инспекциясының өкілдері қабылдаған шешім бойынша Қазақстаннан Қытайға экспортқа ресімделген тауармен 62 көлікті кезектен тыс өткізуге старт берілді. Атап айтқанда, зығыр және мақсары тұқымдары, бидай кебегі, мақсары майы, қазақстандық өндірушілердің кондитерлік өнімдері және т. б.
Сондай-ақ, ҚХР-ға кезектен тыс жүзден астам бос көлік құралын өткізу туралы шешім қабылданды. Олар кейіннен ҚР-ға мемлекеттік маңызы бар инвестициялық жобалар мен міндеттерді іске асыру үшін қажетті жабдықтар мен материалдарды әкеледі”, – деп хабарлады «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі.
«Өкінішке қарай, Қазақстанда экспорт көлемі үлкен емес. Сондықтан жүк шекарада көп тұрып қалмауы керек. Оның үстіне салыстыру нәтижесі көптеген тасымалдаушы мен жүргізушілер халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға дайын емес екенін көрсетті. Іс жүзінде біз барлық қажетті құжаты бар 62 жүк көлігін ғана анықтадық. Осы көліктер ҚХР-ға кезектен тыс барады», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
Сондай-ақ, ол кейіннен тауарлардың осы санаттары «CarGoRuqsat» электрон кезек жүйесінде тіркеуге сәйкестендірілетінін, жүйеде жақын арада бұл үшін қажетті слоттар (қойынды) пайда болатынын атап өтті.