ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Комиссия отырысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП мен коммерциялық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, бұрын сертификаттау міндеттелмеген кей өнімдерге енді мұндай талап қойылуы мүмкін. Оның мақсаты – қауіпті болуы мүмкін өнімдерді әкелу және өндіру көлемін азайту.
Бүгінгі таңда республикада жылыту радиаторлары мен табиғи тастан жасалған бұйымдарды сертификаттау міндетті емес. Министрлік мәліметінше, құрылыс өнімдерінің бұл түрлері қауіпті болып шығуы мүмкін, өйткені олардың қауіпсіздігі расталмаған.
Сондықтан табиғи тастан жасалған бұйымдар мен жылыту радиаторларын сертификаттау міндеттелген материалдарының тізбесіне қоса отырып, жаңа өзектендірілген «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентін бекіту ұсынылды.
Осыған байланысты Ведомствоаралық комиссия мүшелері ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды енгізу кезіндегі реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін бекітті.