Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Толықбай Алматы облысы, Қарасай ауданындағы газдың бағасына қатысты халықтың наразылығын жеткізді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Депутаттық сауал премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Бас Прокурор Берік Асыловқа жолданды.
«Антимонополия 2 миллион теңге айыппұл салса да, компания қожайындарына негізсіз көтерілген газдың шекті баға деңгейін әр текше метрін 28,94 теңгеге төмендетуді міндеттеп, тіпті, артық төлемді тұтынушыларға қайтару туралы шешім шықса да, «Сигма Газ» ЖШС ешкімді пысқырып отырған жоқ. Бұл компанияның артында кім тұр? Не жергілікті Прокуратура, не әкімдіктің, не Табиғи монополияларды реттеу комитетінің шамасы келмейді», – деді депутат.
Оның айтуынша, мәселені әлеуметтік шиеленіске жеткізбей, тез арада шешпесе мыңдаған адам жолды жауып, жаппай ереуілге шығатындарын ескертіп отыр.
«Алматы облысы, Қарасай ауданында қалыптасқан күрделі әлеуметтік жағдай мен ауданның мыңдаған тұрғындарының «Қазақстан бойынша табиғи газға ең қымбат тарифпен төлеп отырмыз» деген шағымдары осы депутаттық сауалды жасауға негіз болды. Бізге Мәжіліс депутаттарына шұғыл байланысқа шығып, хабарласқан 500-ге жуық тұрғынмен кездесу үшін 2023 жылдың 26 мамырында осында келіп, тұрғындармен кездесу өткізіп, арыз-шағымдарын тыңдадым. Мәселенің ушығып кеткені соншалықты, бұл дау шешілмесе, екі аптадан кейін мыңдаған адам жолды жауып, жаппай ереуілге шығатындарын ескертіп отыр», – деді ол.
Депутат наразылыққа себеп Қарасай ауданындағы Шамалған, Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек секілді ондаған елдімекенді, сондай-ақ, «Арай» және «Дархан» саяжайларын газбен қамтып отырған «Сигма Газ» ЖШС-нің қожайындары бағаны қолдан көтеріп, газдың құнын 34,75 теңгеге өсіруі болғанын айтты.
«Ал сол жердегі басқа компаниядан газ алатын, іргесіндегі Қаскелең қаласының тұрғындары газдың бір текше метріне 26-27 теңгеден төлеп отыр. Бұл – өте үлкен айырмашылық. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2023 жылдың қаңтар, ақпан айларында «Сигма Газ» ЖШС-нің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бірнеше заңбұзушылық фактілерді анықтаған. Анықтап қана қоймай, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 164 және 167 баптарына сәйкес, «Сигма Газ» ЖШС-не қатысты 2 миллион теңге сомасына әкімшілік айыппұл салған. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің 2023 жылғы 10 наурыздағы бұйрығына сәйкес, газдың бағасын негізсіз көтерген аталған компания шекті баға деңгейін әр текше метріне 34,75 теңгеден 28,94 теңгеге төмендетуге міндеттеп, артық төлемді тұтынушыларға қайтару туралы шешім шығарған болатын. Алайда, «Сигма Газ» ЖШС бұл шешімді әлі орындамады», – деді ол.
Сондай-ақ аудан тұрғындары «Сигма Газ» ЖШС құбырымен келетін көгілдір отынды үйге кіргізгені үшін тым көп ақша төлеп отыр.
«Бір үйді газ құбырына қосу 450 мың теңгеден жоғары. Осы ретте мәселені әлеуметтік шиеленіске жеткізбей, тез арада қажетті шешім қабылдауларыңызды сұраймын», – деді Мақсат Толықбай.