Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңды мақұлдады, деп хабарлайды kazbusiness.kz порталы.
Заңның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының аумағында да, одан тыс жерлерде де заңсыз иемделген активтерді қайтару үшін заңнамалық параметрлерді айқындау, сондай-ақ оларды заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал еткен жағдайларды жою.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мәліметіне қарағанда, құжат аясында активтерді шығару саласындағы құқық бұзу деректерін анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру, активтерді қайтару жөніндегі халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту, қайтарылған қаражатты қоғамның игілігі үшін тиімді пайдалану, экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына, активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау ескерілген.
Заң мынадай негізгі ережелер қарастырылған:
– Заңмен реттелетін құқықтық қатынастар субъектілерін анықтау;
– заңсыз иемденілген активтерді ашу, пайда болуын растау және қайтару тетіктерін регламенттеу;
– заңсыз иемденілген активтерді қайтару рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету;
– оның өкілеттіктерін айқындай отырып, заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселелері бойынша комиссия құру;
– заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке ерікті түрде беруді ынталандыру;
– активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған жүйелі шаралар қабылдау;
– өз өкілеттіктерін айқындай отырып, заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері жөніндегі уәкілетті органды құру;
– өкілеттіктерін айқындай отырып активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органды құру;
– қайтарылған активтерді шоғырландыру және Қазақстан халқының
әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін арнаулы мемлекеттік қор мен басқарушы компанияны құру.
Заңда активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген.
Ерікті қайтару адамдардың өздеріне тиесілі мүлікті мемлекетке ерікті түрде қайтару туралы келісімдер жасасу арқылы (яғни арнаулы мемлекеттік қорға) өтеусіз беруі жолымен жүзеге асырылады.
Заңды мақұлдау нәтижесінде қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару арқылы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру, активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандыру, активтерді заңсыз сатып алуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою қамтамасыз етілмек.
Заң аясында азаматтық тәртіпте активті тәркілеудің жаңа институты енгізілді, оны қазіргі кезде шет елдерде кеңінен қолданып келеді.