Мәселен, Кербұлақ ауданында ірі қара саны 65 мыңнан астам, ұсақ мал 324 мың, құс 71 мыңдай, жылқы 23 мың бастан асады. Ауданда 2400-дей шаруашылық ауыл шаруашылығымен айналысады. Соның ішінде асыл тұқымды мал өсіруге ерекше көңіл бөлінеді. 22 шаруа қожалығы 2400 бас асыл тұқымды ірі қара, 2500 бас асыл тұқымды ұсақ мал өсіріп отыр. Сол қатарда табиғи түрлендірумен айналысып жүрген шаруа қожалығының бірі – «Омаров» ШҚ.
Қожалық 1993 жылы құрылған. Қазір онда жалпы аумағы 1814 га астам жер бар, соның 921 га – егістік, жайылымдық және шабындық жері – 893 га. Биыл 771 га жерге күздік бидай, 729 га арпа себілген. Жалпы шығымдылығы әр гектарына 21 центнерден айналды. Шаруашылықта 140 бас қой, 300 бас ірі қара, 100 жылқы бар. Оған қоса тауық, күркетауық, үйрек асырайды. Қысқы мал азығы ретінде 500 тонна шөп, 200 тонна сабан дайындалған. Мұнда сиырдың «Әулиекөл» тұқымын өсіру қолға алынған.
Шаруа қожалығының басшысы Жанат Омаровтың айтуынша, әр 2 жыл сайын төл жаңарту жұмыстары жүргізіледі.
– Асыл тұқымды мал өсірумен айналысқаныма 10 жылдай болды. Бастапқыда 30 бас құнажын мен Әулиекөл тұқымды бұқа сатып алдық. Қазір асыл тұқымды мал басы 150-ге жетті. Шағын бордақы алаңымыз бар, онда сатуға қойылатын 60-70 басты ұстаймыз, 20-30-ын қысқа қалдырамыз. Тұқымның тазалығын сақтау үшін әр екі жыл сайын мал басын жаңалап сатып алып отырамыз. Соның арқасында бордақыланған бір бұқадан 350 кг дейін таза ет аламыз, – дейді ол.
Жалпы өткен 9 айда Кербұлақ ауданында 6990,7 тонна ет, 37 мың тоннадай сүт, 6 мың данадай жұмыртқа өндірілген, 213 мыңдай тонна шөп жиналған.
Фермердің айтуынша, ауыл шаруашылығының ең басты проблемаларының бірі – кадр мәселесі:
– Қазір агроөнеркәсіп кешенінде негізінен аға ұрпақ еңбек етеді, ауыл шаруашылығына жастардың да қызығушылығын арттырумыз керек. Агроном, механизатор, комбайнер, тракторист, ветеринар мамандықтарын меңгерсе деймін. Бізде осы мамандықтардың бәрі сұраныста. Бұлар – тұрақты табысы бар мамандықтар, тиісті әлеуметтік жеңілдіктері де бар. Ауыл шаруашылығында мемлекеттің қолдауынсыз оңай емес. Әсіресе, минералды тыңайтқыштар, тұқым, жанар-жағармай, гербицид, техника бөлшектері – бәрінің бағасы өсіп жатқан қазіргі уақытта мұндай қолдаудың көмегі бізге едәуір, – дейді Ж. Омаров.
Атап өтсек, биылғы жылы көктемгі дала жұмыстарына ауданға жеңілдік бағамен 1600 тонна қажетті жанар-жағармай бөлінген болатын. Жыл басынан бері машина-трактор парктерін жаңарту үшін 954 млн. теңгеге 40 бірлік арнайы техника сатып алынған, соның 20-сы – трактор, 6-уы – комбайн. Жалпы ауданда 4 сервистік дайындау орталығы жұмыс істейді, онда құны 1,6 млрд. теңге болатын 43 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар. Өткен тоғыз айда ауыл шаруашылығында Кербұлақ ауданында 47,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілген, нақты көлем индексі – 101,4%.