Өңірдегі ірі шаруашылықтардың бірі – «Хильниченко и К» командиттік серіктестігі. Оның құрамында тауарлы сүт, қой және жылқы фермалары, көкөніс сақтау қоймасы, өңдеу цехы және басқа да шаруашылық нысандары бар. Кәсіпорын өз астығынан ұн шығарып, одан макарондар, түрлі нан өнімдерін дайындайды. Мұнда еттен 10 түрлі өнім шығарылады, соның ішінде шұжық, жартылай дайын тағамдар да бар. Ал сүтті толығымен «ФудМастер» компаниясына өткізеді. Жалпы кәсіпорынның өнімдері негізінен аудандағы ауыл дүкендеріне төмен бағада сатылады, мәселен, 500 г рожки 90 теңге тұрады. Алдағы уақытта ірімшік өндіретін цех ашу жоспары бар.
Командиттік серіктестік төрағасының орынбасары Александр Хильниченконың айтуынша, Алатау тұқымды бір бас құнажыннан жылына 5726 литр сапалы сүт сауылады. Мәселен, жазғы кезеңде сүттің майлылығы 4%-ға, ал қыс мезгілінде 5% жетеді. Қазір тағы бір тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталуға жақын. Оған кәсіпкер жеке қаражатынан 350 млн. теңге салған, сүт сауатын жаңа технология орнатылған. Қазір фермада 102 аналық бас бар, күзге дейін бұл мал басы 205-ке жеткізіледі. Кәсіпорын желтоқсанға қарай толық қуатына шығып, 22 жұмыс орны ашылады.
Бейбіт Исабаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығында тәжірибесі мол «Хильниченко» КС-ның бақ шаруашылығын дамытуға да мүмкіндігі жетеді.
– Жаңа технологияларды енгізуге ниетті ірі инвесторларға өздеріңіздей іскер, жермен жұмыс істей алатын адамдар керек. Сіздердің осы салада жылдар бойы жинақтаған білім мен тәжірибелеріңіз қоғам үшін пайдалы. Бұл ауданның табиғаты бақ өсіруге қолайлы. Сондықтан осы бағытта бастама жасап, өсіру мен өңдеуді қатар қамтитын толық цикл құру керек. Бұл бюджет түсімін молайтып, тұрақты жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етеді, – деді Б. Исабаев.
Өз кезегінде А. Хильниченко кәсіпорынның ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын екенін айтты: «Қазір бір интенсивті бақ өсіруге бастама жасап жатырмыз. Әзірге 1800 көшет, яғни алманың бес сорты, алмұрттың екі сорты, абрикос пен қызыл шие отырғызылды. Осы бағыт бізді қызықтырып отыр, сондықтан оны одан әрі дамытамыз, сіздің ұсынысыңызды қарастырамыз», – деді ол.
Аудан қант қызылшасын өсіруде алдыңғы орында. Бейбіт Исабаев қызылшамен айналысатын шаруашылықтардың бірі «Дүйсенбинов А. К.» шаруа қожалығына да барып көрді. Өткен жылы мұнда 400 гектардан 25 мың тонна өнім алынған.
– Қызылшаның еңбегі ауыр, шығыны көп, бірақ табысы жақсы. Осы дақылдың арқасында бір маусымда 100 адамды жұмыспен қамтимыз, лизингіге алынған ауыл шаруашылығы техникаларының төлемін өтеп отырмыз. Қызылшадан бөлек бидай, соя себеміз, мал өсіреміз. Субсидия аламыз. Екі жүз басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуға қаржы құюға дайынбыз, онда өңдеу ісін де қолға аламыз. Өзімізде мал азығы бар, сондықтан қиындық болмайды. Тек суармалы су жағынан кейде қиналып қаламыз. Әзірге су айналымының арқасында жұмысты жалғастырып отырмыз, – деді шаруашылық басшысы Айдын Дүйсенбинов.