Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (бұдан әрі – МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 121,4 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Осы жылдың 1-сәуірдегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 533,4 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 194,6 мың адамды құрайды.
Айта кеткен жөн, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5% – ға өсті.
Мысалы, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін 77 889 теңгені, 2-топ үшін – 62 068 теңгені, 3-топ үшін – 42 190 теңгені құрады.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, ағымдағы жылдың үш айының қорытындысы бойынша 88,1 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 57,8 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады, сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Үкіметінің шешімімен олардың мөлшері 8,5% – ға ұлғайтылды.
Бүгінгі таңда еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 33 279 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 34 367 теңгені құрайды.