Қазақстанда жылдық инфляция 15%-ға дейін өсті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов үкімет отырысында айтты.
Айтуынша, инфляцияға азық-түлік қымбатшылығы ең көп үлес қосып отыр.
“Шілдеде жылдық инфляция 14,5 пайыздан 15 пайызға дейін өсті. Бұл ретте инфляцияға азық-түлік бағасының өсуі ең көп үлес қосуда. Мысалы, азық-түлік инфляциясы 19,2 пайыздан 19,7 пайызға дейін, азық-түлікке жатпайтын инфляция 13,2-ден 14,2%-ға дейін жеделдеді”, – деді Баймағамбетов үкімет отырысында.
Айтуынша, шілдеде айлық инфляцияның өсу қарқыны әлі де болса жоғары, бірақ бір ай бұрынғы 1,6%-дан 1,1%-ға дейін баяулаған. Баға өсуінің баяулауына жеміс-жидек пен көкөністің маусымдық арзандауы әсер еткен.
“Осылайша, экономикадағы инфляциялық қысым жоғары деңгейде сақталуда”, – деп атап өтті Баймағамбетов.