Ұлттық статистика бюросы биыл шілде айында елімізде инфляция жылдық есептеуде – 15%, ал бір айда 1,1%-ға жеткенін мәлімдеді. Ал азық-түлік бағасы 2021 жылдың шілдесімен салыстырғанда 19,7%-ға өскен.
Бағаның айтарлықтай қымбаттауы қантқа (құмшекер) – 87,3%, пиязға – 71,7% және ұнға 36,6% тіркелді. Ал сәбіз бен қызылша бағасы керісінше, 29,6% және 25,2% төмендеді.
Мәселен, бір жылда қымбаттаған азық-түлік:
- 87,3% қант;
- 21,9% кондитерлік өнімдер;
- 71,7% басты пияз;
- 21,7% пастерленген сүт;
- 36,6% ұн;
- 20,5% салқындатылған сусындар;
- 33,0% макарон өнімдері;
- 18,3% жаңа піскен жемістер;
- 31,4% жармалар;
- 17,9% нан;
- 28,6% құс еті;
- 17,0% сары май;
- 27,4% тоқаш және ұн өнімдері;
- 16,7% шұжық өнімдері;
- 26,7% қатты ірімшік;
- 16,5% жылқы еті;
- 24,6% минералды және ас су;
- 14,8% темекі өнімдері;
- 24,5% қышқыл сүт өнімдері;
- 13,7% қой еті;
- 24,4% кептірілген жемістер мен жаңғақтар;
- 11,6% күнбағыс майы.
«2022 жылғы шілдеде азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы шілдемен салыстырғанда 19,7% өсті. Сондай-ақ азық-түлікке жатпайтын тауарларға 14,2%, ақылы қызметтерге 9,2% көтерілді», – делінген бюро хабарламасында.
Сондай-ақ Ұлттық сатистика бюросының мәліметінше, биыл шілдеде (2021 жылғы шілдемен салыстырғанда азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 14,2% қымбаттады. Соның ішінде жеке қолданысқа арналған тауарлар – 26,3%, жуу және тазалау заттары – 23,5%, тұрмыс құралдары – 22,6%, құрылыс материалдары – 20,5%, жиһаз және үйге қажетті заттар – 19,1%, автомобильдер– 15,2%, ыдыс – 14,8%, тоқыма бұйымдары – 11,5%, фармацевтикалық өнімдер 9,7% қымбаттады.
Бір жылда ақылы қызметтер бағасы 9,2% өсті. Мысалы, кешенді демалу ұйымдарына – 19,1%, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне – 16,8%, денсаулық сақтау қызметтеріне – 15%, санаторий қызметтеріне – 14,1%, шаштараз және жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне – 13%, қонақүй қызметтеріне 5,9% өсті. Жолаушылар көлігінде ақы 5,5% көтерілді. Бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлының айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтердің қымбаттауы да, төмендеуі де байқалады.
«Былтырғы шілдемен салыстырғанда өткен шілдеде электр қуатының құны – 2,4%, қоқыс шығару, тарату желілері арқылы тасымалданатын газ тарифі 1,8% жоғарылады. Ал орталықтан жылу беру қызметіне тариф 2,3%, ыстық суға 1,3%, суды бұру үшін 0,5% төмендеді», – дейді ол.