Несие тарихын жақсартуға бола ма? Банктің қара тізімінен шығудың жолы қандай? Осы сұрақтарға жауап беріп көрелік.
Ақпарат қанша уақытта жаңарады?
Несие тарихы туралы ақпарат бірінші кредиттік бюрода 10 жыл бойы сақталады. 10 жылдан кейін де несие тарихы бюро архивінде тіркеуде тұрады, бірақ құнын жоғалтады. Яғни, ол жерде несиенің неше уақыт төленбегені, қарыз сомасы жазылмайды. Ал төленіп жатқан кредитке байланысты несие тарихына қандай да бір өзгеріс енсе, ақпарат 15 күнде жаңарады.
Кредит тарихын қалай жөндеуге болады?
Бұл сұрақ көпті толғандыратыны белгілі. Алайда жаман кредит тарихын толықтай жөндеу, тазарту, жою мүмкін емес. Оны тек жақсартуға ғана мүмкіндік бар.
Ол үшін алдымен бар болған жағдайда проблемалық кредиттерді жабу қажет. Бұл сіздің жағдайыңызды анағұрлым жақсартады. Өйткені проблемалық қарызы бар бола тұра, жаңа несие алу мүмкін.
Тағы бір амал – микроқарыз, кредиттік карта немесе аз сомаға кредит рәсімдеп, оны уақтылы жабу. Осылай бірнеше рет жасалған жағдайда клиенттің банк алдындағы репутациясы жақсарады.
Үшінші жол – депозит ашу, оны ұдайы толтырып тұру. Бұл фактордың кредит тарихына еш қатысы жоқ болғанымен, пайдасы бар. Кредитке өтінім берерде банк клиенттің активінде тұрақты түрде толтырылып тұрған депозиттің барын назарға алады. Бұл банк үшін клиенттің төлем жасауға қабілетті екенін білдіретін белгі болуы мүмкін.
Қандай жағдайда несие берілмейді?
Несие тарихы бұзылған азаматтарға кредит беретін банк бар деп 100 пайыз сеніммен айту қиын. Бірақ кредит ұйымдары әр адамның өтінімін жеке қарастыратынын ескерген жөн. Сондықтан танысыңызға несие тарихы бұзылғаны үшін қарыз бермеген банк сізге де «жоқ» дейді деу қате. Егер несие бойынша төленбеген күндер көп болмаса, банк мұндайға көз жұма қарауы мүмкін. Кредит тарихын бағалайтын критерийлер әр банкте әртүрлі екенін ескерсек, бір банк үшін өрескел болып көрінген кешігу келесі банк үшін айтарлықтай маңызды болмауы мүмкін.
Несие тарихын қалай тексеруге болады?
Несие тарихыңызды онлайн білудің бірнеше жолы бар:
- www.egov.kz Электрондық үкімет порталынан (электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болған жағдайда);
- www.1cb.kz Бірінші кредиттік бюро порталынан (ЭЦҚ болған жағдайда);
- https://m.bcc.kz/ StarBanking порталынан;
- www.post.kz порталынан (ЭЦҚ болған жағдайда);
- 1cb.kz Бірінші кредиттік бюроның мобильді қосымшасы арқылы (ЭЦҚ болған жағдайда).