КазЦик ауылында орналасқан өнеркәсіп орынының жаңа бағытын Іле ауданы әкімі Бағдат Қарасаев пен зауыт президенті Дінмұхамед Кузиев іске қосты.
«Іле ауданында 21 ірі және орта өндіріс ошақтары бар. Аталған «Бент» зауыты солардың қатарына кіреді. Бұл жердегі өндіріс жүйесі толық цифрландырылған. Ал әлеуметтік салаға тоқталар болсақ, қызметшілер үшін қолайлы жағдай жасалған. Жұмысшыларды тасымалдау, тамақтандыру, мерекелер қарсаңында сыйақы беру, бонустық төлемдер – барлығы да жолға қойылған», – деді аудан әкімі Бағдат Қарасаев.
Оның айтуынша, «Тәуелсіздік күні» мерекесіне қарай, зауыттың өзіндік оқу орталығы ашылады. Ол жерде 100 адам басқа ЖОО-да оқытпайтын мамандықтарды игеретін болады.
«Бент» АҚ 1991 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Біздің фирма ҚР-дағы темірбетон шпалдарын шығаратын ең ірі зауыт. Серіктестіктің негізгі тапсырыс берушісі – «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы», – деді зауыт президенті Дінмұхамед Кузиев.
Басшының сөзіне сүйенсек, серіктестікте бұған дейін 250 адам жұмыс істеген және зауытқа қарасты «Standlad» құрылыс зертханасында 60 адам қызмет еткен. Бүгінгі ашылған жаңа бағытта қосымша 100 адам жұмыспен қамтылды.
«Автоклавты газоблоктар шығаратын өндіріс кешенінің жылдық қауқары – 100 мың тонна. Жаңа бағыттың ашылуына құйылған инвестиция көлемі – 2 млрд теңге. Соның ішінде, мемлекеттік «Даму» жобасы бойынша 580 млн теңгені 6 пайыздық жеңілдетілген несиемен алдық», – деді серіктестік басшысы.
Дінмұхамед Кузиевтің ақпаратына қарағанда, қыстыгүні ашылатын оқу орталығында 10 мамандық бойынша білім беріледі. Бұл жерге кез келген жұмыссыз тіркеліп, оқуына мүмкіндік бар. Олар «Бент» зауытына жұмысқа орналаспаса да, басқа жерде қызмет ете алады.