Астана қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығында инновациялық жоба − құжаттандыру терминалы таныстырылды. Оны алғашқы болып ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов сынап көрді.
Жаңа 4 терминал елордамыздың Керей және Жәнібек хандар көшесі, 4/1 мекенжайы бойынша орналасқан ХҚКО-сында орнатылған. Аталмыш құрал арқылы азаматтар өз беттерімен жеке куәлік пен төлқұжатқа өтінім бере алады.
Б.Мусин айтуынша, жоба ерекшелігі – енді адамдар ұзын-сонар кезекті айналып өтіп, қызметке тапсырыс бере алады, сондай-ақ қуәлік үшін сәтті фотосуретті өз бетінше таңдайды.
“Бұрын куәлікке өтініш беру үшін азаматтарымыз кезекте тұрып, көші-қон қызметі қызметкеріне тіркеліп, кассада ақша төлеп және суретке түсіп – барлығы 30 минуттай уақытын жұмсайтын. Енді құжаттау терминалының арқасында аталмыш процесс 10 минуттан аспайды, кезекте тұрудың қажеті жоқ”, ― деп атап өтті Б.Мусин.
Жалпы терминалды қолдану қадамдары мынандай болады:
- ЖСН және ұялы телефон нөмірін енгізу;
- суретке түсіру және қол қою;
- экрандағы QR-кодты пайдаланып, мемлекеттік бажды төлеу;
- SMS арқылы қалыптастырылған қолхат алу;
- көші-қон қызметінің қызметкеріне өтінім нөмірін дайындау үшін көрсету.
Айта кеткен жөн, жеке куәлік пен паспорт алу қызметі – Қазақстандағы ең танымал қызметтердің бірі. Өткен жылы 2,3 млн-нан астам азамат осы қызмет алу үшін ХҚКО-ға жүгінген.