ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп интернет-платформаны пайдалана отырып қызмет көрсететін тұлғаларды салықтық әкімшілендірудің өзгеше тәртібін қолдану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруға кірісті, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Жобаның мәні – интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту (зейнетақы қоры, салық жүйесі және т.б.). Осындай интернет-платформалардың бірі – «Яндекс Таксимен» ҚР Еңбек министрлігі тиісті келісімге қол қойған.
«Яндекс» интернет-платформасында тіркелген такси жүргізушілері пилоттық жобаға ерікті түрде қатыса алады. Ол үшін Азаматтарға «e-salyq Business» мобильдік қосымшасын пайдаланып, арнайы салық режимін қолдана отырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет.
Пилоттық жоба шеңберінде жеке табыс салығын, әлеуметтік аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын және такси жүргізушілерінің табысынан медициналық сақтандыру жарналарын төлеу жөніндегі міндеттемелер интернет-платформа операторына («Яндекс.Такси») жүктелетін болады.
Яғни, интернет-платформа операторы такси жүргізушілерінің табысы туралы мәліметпен Мемлекеттік кірістер органдарымен бөліседі. Бұл мекемелер салық пен әлеуметтік төлемдер сомаларын есептеп, қажетті төлемдер туралы мәліметті қайта “Яндекс Таксиге” жібереді. Одан кейін интернет-платформа «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының банк шотына әрбір әлеуметтік төлемге жеке төлем тапсырмаларын жүргізетін болады.
Жоғарыда аталған тетіктерді іске асыру мақсатында қазіргі уақытта «Яндекс.Такси» және Қаржыминінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін техникалық интеграциялау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Digital ID арқылы биометриялық сәйкестендіруден өту жолымен «Яндекс.Такси» мобильді қосымшасында тіркелу рәсімін жеңілдету жоспарланған.
Дайындық рәсімінің аяқталуы және пилоттың толық іске қосылуы 2023 жылдың 1 шілдесінен басталады.