Алматыдағы “Алтын Орда” базарын Үкімет енді тәулік бойы тексеретін болады. Тіпті бұл мақсатта бірқатар ведомствадан іріктеліп мобильді топ құрылған, деп хабарлайды Kazbusiness.kz
Бұл туралы өткен сенбіде премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыруға арналған апталық кеңесте айтылды.
Сауда комитетінің мәліметінше, мобилді топ құрамында ҚМА, СИМ, БҚДА, ҚМ МКК, ІІМ, ДСМ, ТЖМ, АШМ, Алматы облысы әкімдігінің өкілдері бар. Топ қазірдің өзінде базарда тәулік бойғы кезекшілікке кіріскен.
“Алтын Орда” базарын тәулік бойы бақылайтын мобильді топ құрылды. Мұндағы негізгі мақсат – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Сондай-ақ сатушылар, жеткізушілер, жүргізушілер мен базарға келген азаматтардың өтініштерін қабылдау және жедел жауап беру үшін “Алтын Орда Open” телеграмм-чаты мен бірыңғай байланыс орталығы (call center) (8 7273 195 160, 8 747 059 7054) іске қосылып отыр. Әрі көкөніс өнімдерін базарға келушілерге тікелей өткізетін шаруалардың жүк көліктері үшін тегін 100 орын белгіленді.
Сауда нүктелері шатырлармен жабдықталған, тұрақты бақылау үшін камералар орнатылған. Бұл шаруаларға ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыларға тікелей делдалсыз сатуға мүмкіндік береді. Базарда сауда жасау үшін шаруалар ауыл әкімдігінің анықтамасын алуы қажет.
“Алматы облысының әкімдігі мобилді топтың жұмысын күнделікті бақылауда ұстауы қажет. Жүк көліктеріне арналған 100 орын – жазғы маусымға оңтайлы жедел шара. “Алтын Орда” аумағынан стационарлық сауда нысандарына орын бөлу қажет. Бұл тек осы базарға ғана қатысты емес, барлық әкімдіктерге өз өңірлеріндегі базарлар мен ірі сауда нысандарында осындай жұмыс жүргізуді тапсырамын”, — деді Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Осы бақылау тобы арқылы базарда делдалдық схеманы жою көзделген. Нәтижесінде бәлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы қалпына келетін көрінеді.
Жалпы, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,1%-ды құрады. Бағаның ең жоғары өсмі сәбізде (4,4%) және картопта (3,5%) болды. Ал қырыққабат (-5,4%), пияз (-1,6%) бағасының төмендеуі байқалады. Күнбағыс майы (-1,7%), қарақұмық (-1,5%), жұмыртқа (-1,4%), құс еті және тұз (-0,1%) бағасы төмендеп жатыр.