Мал басы мен мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайту үшін биыл 108 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды kazbusiness.kz порталы.
«Мал басы мен мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайту үшін биыл 108 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл шаралар мал мен құс санының артуына, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісіне оң әсерін тигізеді. Нәтижесінде осы салаға салынған инвестиция ұлғайып, өткен жылы 67% өсіп, 100 млрд теңгеден асты», – деді Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, мал шаруашылығы саласының әлеуметтік маңызы бар бірқатар өнімдері бойынша импортқа тәуелділік айтарлықтай төмендеген. Импорт сүт өндірісі бойынша 45%-тен 39%-ке дейін, құс етінің өндірісі бойынша 51%-тен 32%-ке дейін азайған.
«Маңызды міндет – мал шаруашылығы өніміндегі отандық өндірістің үлесін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол үшін бірқатар проблемалық мәселелерді шешу қажет. Саладағы өсімді толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін ең басты кедергі – жемшөп өндірісі. Ауыспалы егістегі, бірінші кезекте суармалы жерлердегі жемшөп дақылдарының үлесін кеңейтуді жергілікті атқарушы органдар тиісті деңгейде жүргізбей отыр», – деді Ә. Смайылов.