Бұған дейін қолында баласы бар Қырғызстан азаматына шабуыл жасады деп айыпталған боксшы Бейбіт Шүменовке іздеу жарияланды, деп хабарлайды Kazbusiness.kz
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталындағы дерекке қарағанда, Бейбіт Шүменовке 22 шілдеде еліміздің Ішкі істер министрлігінің бастамасымен Астана қаласының Есіл аудандық полиция басқармасы іздеу жариялаған.
Бұған дейін әлеуметтік желіде және бірқатар БАҚ-та Астанадағы ірі сауда, ойын-сауық орталықтарының біріндегі фут-кортта жанжал болғанын жазған едік. Кейінірек қолында баласы бар ер адамға жұдырық ала жүгірген азаматтың кәсіби боксшы Бейбіт Шүменов екені анықталды.
Еске салайық, 18 маусым күні Астанадағы ойын-сауық орталықтарының бірінде спортшы Бейбіт Шүменов қолында баласы бар ер адамды соққыға жыққан. Төбелестің бейнежазбасы желіге таралған. Осы жайттан кейін былғары қолғап шеберіне “Бұзақылық” бабы бойынша іс қозғалған болатын.
ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменовті “Қорқыту” бабы бойынша жауапқа тарту қажеттігін айтты.