Темірді табыс көзіне айналдырып отырған кәсіп иесі-Ерлан Ермұрат. 2008 жылы Атамекенге қоныс аударып келген қандасымыз алғашында құрылысқа қажетті заттарды сатумен айналысқан. 13 жыл көлемінде сауда жасаған кәсіпкердің ісін тұтқиылдан енгізілген карантин шаралары тұралатты.
10 жылдан астам уақытын алып-сатуға арнаған азаматтың табыс көзінің бір сәтте тоқтауы тығырыққа тірегендей болды. Еңбектің ебін білетін Ерлан аға қол қусырып отырмай, ауласынан цех ашуды көздейді. Солайша 2021 жылдың басынан армосетка шығару ісін қолға алады.
Құрылыс материалын шығаруға қажетті станокты алмаққа қытайға тапсырыс берген. Қажетті құрылғы кеденнен өтіп келемін дегенше 4 айдың жүзі болған. Осы уақытта ағамыз үйдің ауласынан цехтың орнын дайындаған.
«Карантин шаралары күйшейген кез. Жер-жерде «локдаун» енгізілді. Сол кезде сауда тоқтады. Өйткені, сенбі-жексенбі дүкендер мен базарлар жабылды. Жұмыс жасағанымыздан, саудаға шықпаған күніміз көбейді. Бұл шағын кәсіпкер ретінде маған кедергі келтірді. Содан бұрыннан көкейімде жүрген армосетка өндіруді қолға алмаққа бел будым. Биыл міне екінші жылға аяқ бастық»,-деді жеке кәсіпкер.
Ерлан Ермұраттың жұмысын бастауға «Алматы облыстық ауыл шаруашылығын қолдау қоры» көмек көрсеткен. Кәсіпкер аталмыш қордан 12 млн. теңге көлемінде жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алған. Қаражатты шашау шығармай игерген кәсіпорынның қазіргі табысы тұрақты.
«Кәсібімді мемлекеттік бағдарламаның негізінде аштым. Бүгінге аяқ алысымыз жаман емес. Жазғы мезгілде тапсырыстың артуына байланысты жаныма екі адамды алып, жұмыспен қамтимын. Қысқа мезгілде өзім ғана армосетканы шығарамын. Талдықорған аумағындағы аудандарға дайын өнімді таратамын. Менде жеткізу қызметі тегін»,-деді өз сөзінде Ерлан Ермұрат.
Бүгінгі таңда, күндігінде 1 тонна сымтемірден 1200 дана өнім алынады. Кәсіпкер қажетті шикізатты Алматы қаласынан алдыртады екен. Бір дегенде 10 мың тоннаға дейін сымтемірді моноқаладан облыс орталығына жеткізеді.
Армосетканың бір данасы көтерме бағамен 300-700 теңге аралығында саудаға түседі. Қазіргі таңда цехта өндірілетін армосетканың 500-10 мың данасы нарыққа шығарылады. Әдемі сандар сайрағанымен кәсіптің өз кем-кетігіде жоқ емес. Өткен жылдың мамыр айы цехтың шығынға ұшырауына тұспа-тұс келген. Оған себеп-сымтемір бағасының күрт көтерілуі. Солайша кәсіпкер 700 мың теңгеге дейійн шығынға ұшыраған. Бұл жұмысын жаңа бастаған цех үшін ауыр соққы болғаны жасырын емес. Алайда, Ерлан аға еңсерді. Қазіргі кезде шағын бизнесі өркен жайып келеді. Тұрақты тұтынушылары да жоқ емес. Ендігіде кәсіпкер өнім көлемін арттыруды көздеп отыр.
«Болашаққа құрған жоспарлар көп. Қала маңынан жер алып, цехты кеңейтсем деген ойым бар. Бір ғана өнім түрімен шектелмей, шығаратын тауарды сан түрлендірсем деген мақсатта жоқ емес. Еліміздің инновациялық бағдарламасына үлес қосып, отандық тауардың нарықта өз орнын табуына үлесімді қосқым келеді»,-дейді цех басшысы.