Алдымен казбизнестіктер аталған мекеме директоры Жанат Алтынқадыспен дөңгелек үстел басында сұхбаттасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Әсіресе, бизнес әлемінің қыр-сырын толық меңгеріп, әр салада шаруаны қолға алған іскер азаматтың бөліскен инсайдттары клуб мүшелері үшін құнды ақпарат болды.
Қазіргі таңда компаниялар тобын құрған алып серіктестік жеті бағытта жұмысын өрге сүйреуде. Оның ішінде асыл тұқымды мал асырау, ондаған гектар алқапқа алма егу, балық өсіру, жиһаз жасау, құрылыс саласы, жеңіл өнеркәсіп және басқа да инвестициялық жобалар бар.
Осы салалардың басымдығы мен кемшін тұстары, кездесетін қиыншылығы мен әкелетін пайдасы, осының барлығы кездесу барысында кеңінен талқыланып, жас кәсіпкерлер болашаққа жақсы бір бағыт-бағдар алғандай болды.
Мұнан кейін жиналғандар жеңіл өнеркәсіп аймағын аралауға кірісті.
Белгіленген уақытта, тиімді бағамен сапалы өнім! Бизнес әлемінің осындай айнымас қағидасын берік ұстанған «Алтын Жұлдыз текстиль» тігін фабрикасының командасы бірнеше жылдан бері еліміздегі ірі құрылыс компанияларының жұмысшыларына және құқық қорғау, денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған формаларды тапсырыспен тігіп келеді. Казбизнестіктер шебер қолдардың еліміздегі «Қазақтелеком» мекемесі қызметкерлеріне арналған жұмыс формасын тігіп жатқанының куәсі болды.
Қарасай ауданының Іргелі ауылдық округінде орналасқан өнеркәсіп орны қазіргі таңда 150-ге жуық жергілікті тұрғынды еңбекпен қамтып қана қоймай, отандық өндірістің өркен жаюына да өзіндік үлесін қосуда.
Негізінен, 2007 жылы төрт бағытты бір-ақ қамтыған компаниялар тобы ретінде күш біріктірген іскер азаматтар тігіннен бөлек, құрылыс материалдары мен техникалық құрал-жабдықтарын, жиһаз бөлшектерін дайындауды да қолға алған. Жоғарыда айтқанымыздай, қазір олардың саны жетіге жеткен. Соның бірі біз сөз етіп отырған өндіріс орны. Жалпы көлемі 1 га аумақтың 7000 шаршы метрін алып жатқан ғимараттың шамамен үштен бір бөлігіндегі нағыз тынымсыз тіршіліктің нәтижесін тау болып үйіліп жатқан дайын өнімнен-ақ аңғаруға болады. Оңтайлы ойластырылған жұмыс барысы жүйесімен жүзеге асады мұнда. Алдымен тапсырысқа сай дизайнерлер үлгісін дайындап, қажетті маталарды таңдап алады. Конвейерлік әдіспен, төрт қатарға қойылған, автоматтандырылған бағдарлама орнатылған 120 тігін машинасына жайғасқан ісмерлердің көпшілігі киімнің әр бөлшегін бөлек-бөлек, яғни, біреуі қалтасын, келесісі жағасын, тағы бірі жеңін дегендей, тігеді. Ал, соңғы қатарда олар құрастырылып, дайын өнім технологтың тексерісінен өткен соң, әрі қарай үтіктеліп, сосын қатталады.
Мұндағы екі ауысыммен барлық істі тиянақты атқаратын қызметкерлердің де жағдайына жақсы көңіл бөлінеді екен. Тегін тамақпен қамтамасыз етіліп, аяқтаған жұмыс ауқымдарына қарай, қол еңбектерін кешіктірусіз алып тұратынын да айта кеткен жөн. Осылайша, бастапқыда ісін төрт тігін машинасымен, бір құрылыс компаниясына 70 дана киім тігуден бастаған бүгінгі фабриканың өндіріс қуаттылығының көлемі жылына 500 мыңға жуық арнайы жинақты құрап отыр.
Бір мақтанышпен айта кетерлігі, 2017 жылы өткен қысқы Универсиада ойындарына қатысушы Қазақстан командасының киімдері де осы ұжымның қолынан шыққан! «Алтын Жұлдыз текстиль» ЖШС-нің директоры Жанат Алтынқадыстың айтуынша, сапасы мен салмағына деген жауапкершілігі зор тапсырысты өнеркәсіп орны 45 күн ішінде толықтай орындап, төрт үлгідегі 5000-нан астам арнайы форма дайындаған. Олардың қатарында ұйымдастырушылардың, еріктілер мен төрешілердің киім үлгілері бар. Әр форманың өзі күртеше, шалбар, бас киімнен және аспалы сөмкеден құралып, сапалы матадан әзірленген екен. Киімдердің дизайны ұлттық ою-өрнекпен безендірілген. Сондай-ақ, Универсиада мен ЭКСПО көрмесінің, «Самұрық қазына» ұлттық компаниясының эмблемасы да, көк байрағымыздың белгісі де жабыстырылған. Дизайнерлер, киім түсіне де ерекше мән беріп, қазақ даласының жазира жазығында кездесетін сары, ақ, жасыл, қызыл түстерді таңдаған.
Міне осындай қызықты әрі құнды ақпараттарды жеңіл өнеркәсіпке бет бұрғысы келіп жүрген жас кәсіпкер көкейге түйіп, ерекше әсермен тарқасты.
Ал, Kazbusiness club директоры Қуаныш Шахановтың айтуынша, осындай бизнес-турлардың тек жас кәсіпкер үшін емес, тәжірибесі бар іскер азаматтар үшін де берері мол. Себебі, әр бизнес басындағы тұлғаның өз даму жолы, кездескен қиындықтары мен жеткен жетістіктері бар. Сонымен қатар, болашаққа үлке жоспарлар жасап отырған өзіне сенімді кәсіпкер әрдайым әзденіс үстінде болуы тиіс!
Клара Көпбаева,