Алакөл ауданындағы балық өңдеу зауыты өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттап отыр, деп хабарлайды kazbusiness.kz тілшісі Жетісу облысының баспасөзз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері кәсіпорында 800 тоннадай балық өңделген, балық сүйегінен дайындалатын ұнның 440 тоннасы өндірілген. Кәсіпорын шикізаттың көлеміне байланысты тәулігіне 5-тен 10 тоннаға дейін балық өнімдерін, 3 тоннаға дейін балық сүйегінің ұнын шығара алады. Онда 1 мың тонна өнім сыятын тоңазытқыш құрылғысы орнатылған. Зауытта балық сүбесі мен фаршы, сол сияқты қақталған өнімдер шығарылады.
«Болашақ Бастау» ЖШС директорының орынбасары Мұратхан Оразимановтың айтуынша, дайын өнім отандық нарықта саудаланады, сол сияқты Белорусқа, Германияға, Чехия, Дания және басқа да еуропа елдеріне экспортталады. Белгіленген орындарда балық аулаумен 2 бригада айналысады, оларға жылына балықтың әр түрінен 40 тонна көлемінде аулауға рұқсат етілген. Өнім көлемін арттыру үшін жергілікті балықшылардан қосымша балық сатып алынады, сол сияқты Балқаш, Зайсан көлдерінен жеткізіледі. Негізінен алабұға, сазан, көксерке, мөке балық өңделеді.
– 100 кг балықтан 50 кг филе шығады. Біздің кәсіпорын қалдықсыз жұмыс істейді. Балықтың қалдығынан, сүйегінен, шеміршегі мен қабыршығынан ұн шығарамыз, оны мал мен құсқа, балықтың өзіне азық ретінде пайдаланады, жақсы тыңайтқыш та болады. Бұл тұнып тұрған таза протеин. Негізінен құс фабрикалары сатып алуда. Біздің бірнеше цехымыз бар. Балық алдымен жуылады, содан соң іріктеледі, тазартылады, кесіліп, еті жаймаланады, дайындалып, қапталып, маркасы жапсырылады. Бір ғана бөлшектеп өңдеу цехында екі ауысыммен, яғни айына екі аптадан 25 адамға дейін жұмыс істейді, Кәсіпорында 82 адам тұрақты еңбек етеді, – дейді жас маман, ауысым шебері Динара Оразбекова.
12 сағаттық ауысымда бір жұмысшы орта есеппен 100-150 кг балық өңдей алады. Бірақ тәжірибесі толысқандар мұнан да жоғары көрсеткішке жеткізеді. Мәселен, Надежда Атарованың зауытта жұмыс істеп жүргеніне 20 жыл болған. Бір ауысымда ол 180-250 келіге дейін өңдейді. «Егер балық ірі болса, бұдан да көп шығуы мүмкін», – дейді ол қолы тынбай. Жас мамандар да қалыспайды. Солардың бірі Олеся Белоусованың да балық кесудегі жылдамдығына көз ілеспейді. Ол орта есеппен 250-300 кг, ал жалпы бір тәулікте 500 кг дейін балық өңдей алады. Мұндағы жұмысшылардың жалақысы 90 мың мен 180 мың теңгенің аралығында. Өз асханасы мен жатақханасы бар. Жеке фирмалық дүкені де жұмыс істейді.
Жалпы 1 кг балық фаршының бағасы кәсіпорында 600 теңге, қораптағы 5 кг себенің құны балықтың көлеміне қарай 7500 – 9000 мың теңге.
«Болашақ Бастау» ЖШС зауыты 2016 жылдан бері жұмыс істейді, цехтары мен өндірістік кәсіпорындары бұрынғы «Рыбпром» ЖШС филиалынан сатып алынған. Зауыттың құрылтайшысы Тілеубек Алтынбаевтың айтуынша, 2018 жылы зауыттың іргесі кеңейтіліп, қайта жаңғыртудан өткізілді, замануи құралдар орнатылған. Электрмен жылытылады. Кәсіпорынның өзінің жеке сүзгі алаңы бар.