Қарасай ауданына қарасты Шалқар ауылында 250 балаға арналған орта мектепті қай әкім сатып жібергені белгілі болды. Бұл туралы журналист Диас Нұрақын құжаттарды әлеуметтік желіге жариялады, деп жазады kazbusiness.kz ақпарат агенттігі.
Күні кеше мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысында Ломоносов атындағы орта мектептің жекенің қолына 15 млн теңгеге сатылғаны туралы дабыл қаққан еді. Халық қалаулысы кімнің мұндай қадамға барғанын анықтап, білім ошағын қайтаруды тапсырған болатын.
“Қазақстан жаңалықтары” telegram арнасында орта мектепті бар-жоғы 15 млн теңгеге сатқан кім екенін дәлелдейтін құжаттар тізімі жарияланды. Сондағы ресми құжаттарға сәйкес, төлемшінің аты-жөні Шерхан Әлібекұлы делінген. Өз кезегінде мемлекеттік нысанды Қарасай тұрғын үй құрылысы деген компания сатып алған. Шерхан Әлібекұлы деген азаматтың ЖСН-ына қарағанда ол 1998 жылы туған азамат.
Еске салсақ, депутат Мақсат Толықбай бүгінде құлайын деп тұрған үйдің өзі 17 миллион теңге тұратынын айтып, жағдайды бақылауға алуға сұраған болатын. Осыдан кейін журналист Диас Нұрақын мектептің қалай қай кезде сатылып кеткені туралы құжаттарды бөлісті.
“Төмендегі құжаттарға үңіліп көріңіз. Аумағы 75 сотық, жалпы ауданы 1585 шаршы метр болатын даңғарадай ғимарат расымен небәрі 15 млн 224 мың теңгеге сатылыпты. Сатып алушының арманы жоқ шығар. Мынадай ақшаға тауыққора тұрғыза алмайсың ғой мына заманда. Аудан әкімі сатылсын деген қаулы шығарып берген екен. Білім бөлімінің басшылары комиссия құрамында болыпты», – дейді ол.
Дәлел ретінде келтірілген қаулының жүзеге асырылуына әкімнің орынбасары Н.Сатубеков деген шенеунік жауапты болған. Ал ғимаратты кәсіпкерге өткізіп беруге келіскен және қабылдаған комиссияның құрамында Қарасай ауданы білім бөлімінің басшысы Г.Т.Такимова, осы бөлімнің бас есепшісі Г.С.Шалапанова мен Қарасай тұрғын үй құрылысы компаниясының директоры Б.Б.Балтабеков есімдері бар.
“Қарасай тұрғын үй құрылысы ЖШС-ның теңгерімінде тұрған Қарасай ауданы Шалқар ауылы Абай көшесі 9 үй мекенжайында бос тұрған ғимаратты және алаңы 0,7500 га болатын жер учаскесін сату мәселесі заңда белгіленген тәртіпке сәйкес сатылуға келісілсін”, – делінген Қарасай ауданы әкімі міндетін атқарушы Ж.Тәжиев шығарған 2018 жылғы қаулыда