Алматыда VII «Ұлттық өнім» көрмесі өтіп жатыр. Кәсіпкерлер көрмесі Алматыда алғаш ұйымдастырылды, бұған дейін іс-шара елордада өткізілетін. Көрмеде түрлі өңірден келген 300-ден астам шағын және орта бизнес өкілдері отандық тауарлар мен қызметтерді ұсынды. Оның ішінде 30 алматылық компания қатысып жатыр, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
“Ұлттық өнім” көрмесі Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бастамасымен ұйымдастырылды. Көрменің ашылуында Ерболат Досаев Алматыда іскерлік өскенін атап өтті.
«Биыл жыл басынан бері мегаполисте іскерлік белсенділік айтарлықтай өсті. Осы жылдың бірінші тоқсанында іскерлік белсенділік индексінің деңгейі бойынша (57,9%) Алматы Қазақстан өңірлер арасында бірінші орынға шықты. Қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш шамамен 24%-ға өсті. ШОБ дамыту әркез біздің назарымызда. Биыл мемлекеттік және қалалық бағдарламалар аясында экономиканың басым бағыттары мен саласындағы 3 мыңнан астам жобаны қолдау үшін 44 млрд.теңге бөлінді», – деді Е.Досаев.
Көрмеде азық-түлік, киім-кешек және аяқ киім, жиһаз, құрылыс материалдары, машина жасау жабдықтары, химия өнеркәсібі өнімдерін шығаратын және басқа да көптеген кәсіпорындар өз өнімдерін ұсынып отыр.
Бүгін «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығының 11 павильонында ашылған көрме 7 мамырға дейін жалғасады.
Айта кеткен жөн, көрмеге өнімдері қойылған кәсіпкерлер жаңа әлеуетті тұтынушыларды табуға, қалыптасқан байланыстарды нығайтуға және іскер серіктестер табуға мүмкіндік алады. Көптеген кәсіпорындар үшін көрмеге қатысу – өз өнімдерін немесе қызметтерін таныстыру, сондай-ақ бір саланың адамдары арасындағы қарым-қатынас, жаңа таныстар мен идеялар арқылы «танылудың» тағы бір жолы. Іскерліктен басқа, көрмеге қатысу тұтынушылар мен олардың не күтетіндері туралы көбірек білуге, өнімдер туралы жылдам кері байланыс алуға, ең бастысы, салалас өнім өндірушілермен танысуға мүмкіндік береді.