Саймон Синек – америкалық жазушы, атақты спикер әрі мотиватор. Ол «Неге сұрағынан баста» (Start with why) кітабында табысқа жету құпиясы туралы айтады. Kazbusiness.kz ақпараттық порталы кітаптың құндылығы мен қысқаша мазмұнын материал ретінде дайындады.
Манипуляция немесе мотивация?
Адамдарға әсер етудің екі жолы бар — манипуляция немесе мотивация. Бұл жағдайда манипуляция — жеңілдіктер мен акциялар, жарнамалық науқандар, қорқыту, мотивтер, конформизм, яғни нейромаркетинг.
Манипуляция бизнесте де, саясатта да кеңінен қолданылады. Ол шынымен жұмыс істейді және пайда әкеледі. Бірақ маңызды мәселе бар — ол сенімсіздік тудырады. Дәл қазіргі таңда нәтиже береді, бірақ болашақ үшін жұмыс істемейді.
Алтын шеңбер
Егер сіз бір реттік мәмілелерге емес, тұрақты ынтымақтастыққа жеткіңіз келсе, тағы бір жол бар — ол шабыт. Стив Джобс, Мартин Лютер Кинг және басқа да ұлы көшбасшылар осы жолды таңдады. Олар үш бөліктен тұратын «Алтын шеңбер» тұжырымдамасын қолданды:
- Сыртқы — «Не?». Барлық компаниялар немесе ұйымдар НЕ істейтінін айта алады. Олардың өнімі қандай және ол не үшін қажет? Көбісі осымен шектеледі.
- Орта — «Қалай?». Кей компаниялар мен адамдар өздерінің не істейтіндерін біледі. Енді олар ҚАЛАЙ ерекшеленетінін немесе басқалардан артықшылығын көрсету керек.
- Ішкі — «Неге?». Тек мықты көшбасшылар ғана НЕГЕ бұлай жасайтынын көрсетеді. Олардың мақсаты неде, олар не нәрсеге сенеді? Дәл осындай адамдар басқаларға мотивация бере алады.
Алтын шеңбердің тәртібі
«Алтын шеңбер» — бұл жауап беретін сұрақтар жиынтығы ғана емес. Ол жеке иерархиялық жүйе.
Ең алдымен, сіз мұны не үшін жасағаныңызды шешуіңіз керек. Сіздің компанияңыз не үшін пайда болды, неге адамдар оған күн сайын барады. Мақсатыңыз қандай? Әрине, жауап пайдадан тыс болу керек. Ақша ынталандырады, бірақ шабыттандырмайды.
Неге дегеннен «Қалай?» деген сұрақ туындайды. Мысалы «бұл мәселені шешу үшін жұмыс істейміз». Қалай?
«Неге?» — сенімнің белгісі. «Қалай?» — оны шынайы етудің тәсілі. «Не?» — сенімнің нәтижесі. Оның түпкілікті өнімі.
Сенімнің маңыздылығы
Сіз сенетін адам ғана сізді шабыттандырады, жетелейді. Сенім компания пайдадан бөлек, маңызды нәрсені көздейтінін сезген кезде пайда болады.
Сенімнен тәуекел туады, бұл дамудың маңызды қозғаушысы.
Сізге сенетін адамды қалай табасыз?
Полярлық зерттеуші Эрнест Шеклтон экспедициясының Антарктидада кемелерін мұз басқаннан кейін аман алып қалғаны белгілі. Осы кезде бірде-бір адам өлген жоқ, тәртіпсіздіктер мен келіспеушіліктер болған жоқ.
Себебі олар өз жетекшісіне сеніп, онымен бірге соңына дейін жүрді. Ондай сенімді ізбасарларды қайдан табуға болады? Ол оның құндылықтарын бағалайтын адамдарды іздеді. Ол мынадай хабарлама ілген:
«Экстремалды саяхатқа адамдар іздеймін. Аз жалақы, қатты аяз, көптеген айлар бойы қараңғылық, үнемі қауіп, оралу кепілдігі жоқ. Егер сәтті оралсаңыз, шыңды бағындарған жан боласыз».
Өз хабарламасында ол құндылықтар туралы айтты — тәуекелге деген сүйіспеншілік, қауіпті жеңу және даңқ үшін күрес.
Адал ізбасарларды табу үшін «Неге?» дегенді қолдайтын адамдарды іздеңіз.
Инновацияны жүзеге асыру
Технологиялық кәсіпорындардың көпшілігі бірінші дәрежелі мамандарды жалдап, оларға жоғары жалақыны уәде етеді. Классикалық манипуляция. Сарапшылар келеді, командаға қосылады. Бірақ өздері үшін, табыс үшін жұмыс істеуді жалғастырады.
Табысты компаниялар басқаша жасайды. Олар өз идеяларымен, «Неге» миссиясымен қызметкерлерді шақырады. Оны не үшін істеу керегін еске түсіреді. Стив Джобс iTunes немесе iPhone-ды ойлап тапқан жоқ. Мұны оның қызметкерлері жасады. Ол тек идея, жұмыс істейтін контекст берді. Ол оларға НЕГЕ-ні түсіндірді. Ал олар ҚАЛАЙ және НЕ жасайтынын түсінді.