ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ағымдағы жылы аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бірінші отырысы өтті.
Отырыс барысында өткен жылы аға буын азаматтарының «Белсенді ұзақ өмір сүру» жағдайын жақсарту үшін істелген жұмыстардың қорытындысы жасалды және 2023 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
«Әлемде халықтың демографиялық қартаю үрдісі байқалады, 65 және одан жоғары жастағы адамдар саны тұрақты өсуде. Елімізде жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша алдағы 30 жылда Қазақстанда аға буын тұлғаларының саны да артады деп болжануда. Ағымдағы жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 300 мың адамды немесе ел халқының жалпы санының 11,6% құрады», – деді БҰҰ-ның Қазақстандағы халық саны саласындағы қорының өкілі Ғазиза Молдақұлова.
Сондай-ақ жиын барысында 2025 жылға дейін белгіленген жоспарды іске асыру шеңберінде барлық өңірлерде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу көзделгені айтылды. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша республика көлемінде барлығы 63 орталық жұмыс істейді.
Айта кеткен жөн, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, әлемнің 31 елінде жүргізіліп жатқан белсенді ұзақ өмір сүру индексінде 2022 жылы Қазақстан 17-орынға ие болған.