Жетісу облысында себілген қант қызылшасының 37% Ескелді ауданына тиесілі.Бұл туралы бүгін Ескелді ауданының тұрғындармен кездесуінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты.
Алдын ала есептеулер бойынша оның шығымы облыста өңдеуге өткізілетін жалпы өнім көлемінің тең жарысына жуықтамақ. Сол сияқты осы ауданда шағын және орта бизнесте жыл басынан бері бюджетке 679 млн. теңге түскен, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 26% артық.
Дегенмен ауданда бірде-бір жылыжай мен жеміс-көкөніс өнімдерін өңдейтін нысан жоқ, бақтардың басым бөлігі ескірген. Жергілікті әкімдік осы салаларға инвестиция тарта алмай отыр. Пайдаланылмай отырған жерлерді қайтару ісі де баяу жүргізілуде.
Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, аудан қант қызылшасын егуде көшбасшы саналады. Алайда биыл бұл дақыл егістігінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 54 пайызға азайтылған. Оған қоса өнім шықпай қалған алқаптар да бар, орнына соя мен жүгері себілген. Бұл орайда ауыспалы егіс, агротехнология талаптарын сақтауға шаруашылықтар көп мән беруі тиіс.
– Аудандағы дәнді дақылдардың үлесі жалпы егіс алқабының 55 пайызынан астамын құрайды, яғни 54,5 мың га. Бұл ретте ауданда бірде-бір тұқым шаруашылығы жоқ, осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Бұл аймақта 50 мыңға жуық ірі қара мал бар, жылына 13 мың тонна ет және 35 мың тонна сүт өндіріледі, 8 сүт фермасы, 4 бордақылау алаңы бар. Соған қарамастан биылғы 9 айдың қорытындысында азық-түліктің барлық түрлері бойынша өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады,-деді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Өксікбайұлы.